«Бухгалтер ауысты, мұғалім зардап шекті»: Ұстаздар екі айдан бері өз ақшасын даулап жүр

«Бухгалтер ауысты, мұғалім зардап шекті»: Ұстаздар екі айдан бері өз ақшасын даулап жүр

Ақтаудағы №12 мектептің мұғалімдері екі айдан бері жалақының дұрыс есептелмеуінен әбден әбігерге түскен. Біріне қосымша сабақтары үшін ақы төленбесе, енді біріне тиесілі үстемақы берілмеген. Ал білім бөлімі мәселенің туындауын бухгалтердің ауысуымен түсіндіріп отыр. Ұстаздардың еңбекақысы тәжірибе жасайтын алаңға айналды ма, деп жазады Democrat.kz.

Ақтау қаласындағы №12 жалпы білім беретін мектептің педагогтері жалақы есептеу жүйесіндегі келеңсіздіктерге шағымданды. Бұл туралы Lada.kz басылымы хабарлады.

Мұғалімдердің айтуынша, мәселе бір реттік қателікпен шектелмеген. Еңбекақы есептеудегі түсініксіз жағдай екінші ай қатарынан қайталанып отыр.

Атап айтқанда, кейбір педагогтердің оқу сағаттары дұрыс есептелмеген. Басқалары уақытша болмаған әріптестерін алмастырып өткізген сабақтары мен қосымша жұмыстары үшін тиесілі ақысын ала алмаған. Ал инклюзивті білім беру жағдайында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істейтін бірқатар мұғалімге тиісті қосымша төлемдер есептелмеген.

Бұдан бөлек, ұстаздар жалақының есеп айырысу парақтарын уақытында ала алмай жүргендерін айтқан. Соның салдарынан есептелген еңбекақының нақты қандай жұмыстар үшін төленгенін, қандай үстемақылардың қосылғанын немесе не себепті кем түскенін анықтау қиынға соққан.

Мектеп бухгалтериясының алдында кезек пайда болған. Педагогтер сабақ өткізудің орнына емес, өздерінің жұмыс уақытынан бөлек есеп-қисаптың дұрыстығын анықтауға, бухгалтерден түсініктеме сұрауға мәжбүр.

Ең сорақысы, мұндай жағдайдың екінші айға ұласуы.

Білім бөлімі қатені мойындады

Мұғалімдер жалақы мәселесінің туындауын мектепке жаңа бухгалтердің келуімен байланыстырады.

Ақтау қалалық білім бөлімі де бұрынғы бас бухгалтердің өз еркімен жұмыстан кеткенін растаған. Оның орнына Enbek.kz платформасы арқылы жаңа маман қабылданған.

Ведомствоның түсіндіруінше, жаңадан келген бухгалтерге қаржылық құжаттарды қабылдап, бұрынғы есептермен танысуға және Қазынашылық жүйесінде жұмыс істеу үшін қажетті электрондық кілттерді рәсімдеуге уақыт қажет болған.

Алайда осы кезеңде еңбекақы есептеуде кемшіліктерге жол берілген.

«Кейбір қызметкерлердің жалақысын есептеу кезінде жекелеген өзгерістер мен олқылықтарға жол берілді», – деп хабарлаған білім бөлімі.

Ведомство бас бухгалтерден түсініктеме талап етілгенін, қазір еңбекақы қайта есептеліп, анықталған сәйкессіздіктер түзетіліп жатқанын мәлімдеді.

Мәселе бақылауға алынған.

Бірақ мұғалімдер үшін «бақылауға алынды» деген сөз олардың есепшотына түспеген ақшаның орнын толтыра ала ма?

Бухгалтердің ауысуы мұғалімнің жалақысына неге әсер етуі керек?

Бұл жерде мәселе бір адамның кәсіби тәжірибесінде ғана емес, тұтас мекеменің қаржылық жұмысын ұйымдастыруда жатыр.

Бухгалтердің жұмыстан кетуі немесе жаңадан келуі – кез келген мекемеде болуы мүмкін қалыпты кадрлық өзгеріс.

Алайда мұндай өзгеріс қызметкерлердің еңбекақысын толық әрі дұрыс алу құқығына нұқсан келтірмеуге тиіс.

Мұғалімнің міндеті – бала оқыту. Ал оның жұмыс сағатын есептеу, қосымша төлемдерін анықтау, жалақыны уақытында аудару – жұмыс берушінің жауапкершілігі.

Неліктен қаржылық құжаттарды қабылдау мен тапсыру кезінде есептеулердің үздіксіздігі қамтамасыз етілмеген? Неліктен қателер алғашқы айда анықталып, дереу түзетілмеген? Екінші айға созылған мәселені шешу үшін педагогтердің қайта-қайта бухгалтерияға баруына не себеп?

Бұл сұрақтар мектеп әкімшілігі мен қалалық білім бөліміне тікелей қатысты.

Заң не дейді?

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 113-бабына сәйкес, жұмыс беруші еңбекақыны айына кемінде бір рет, келесі айдың алғашқы онкүндігінен кешіктірмей төлеуге міндетті. Нақты төлем күні еңбек немесе ұжымдық шартта белгіленеді.

Сондай-ақ жұмыс беруші әр қызметкерге ай сайын еңбекақының құрамдас бөліктері, ұсталған сомалар және төленуге тиісті жалпы сома туралы жазбаша немесе электрондық түрде ақпарат беруге тиіс.

Егер жалақы белгіленген мерзімде толық төленбесе, жұмыс беруші берешекпен бірге заңда көзделген өсімпұлды да төлеуге міндетті.

Демек, мәселе тек бухгалтерлік қателікті түзетумен шектелмейді. Есептеу барысында педагогтің заңды төлемдері кем берілген болса, оның қашан және қандай көлемде өтелетіні де анықталуы керек.

Қателік түзелгенімен, жауапкершілік кімде қалады?

Қалалық білім бөлімі қазір жалақыны қайта есептеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлағанымен, бірнеше маңызды мәселе ашық қалып отыр.

Нақты қанша педагогтің еңбекақысы қате есептелген? Төленбеген үстемақылардың жалпы сомасы қанша? Берешек қай күні толық өтеледі? Есеп айырысу парақтарының уақытылы берілмеуіне кім жауап береді?

Бұл сұрақтарға жарияланған ақпаратта нақты жауап жоқ.

Білім беру саласында мұғалімнің кәсіби жауапкершілігіне жоғары талап қойылады. Сабақ жоспары, электрондық журнал, бағалау, есеп беру – барлығы қатаң бақылауда.

Ал мұғалімнің өзіне тиесілі жалақыны дұрыс есептеу мәселесінде неге осындай салғырттыққа жол беріледі?

Егер педагог бір сабақтың бағасын қате қойса, одан түсініктеме талап етіледі. Ал педагогтің екі ай қатарынан еңбекақысы қате есептелсе, мұның жауапкершілігі кімге жүктеледі?

Ақтаудағы жағдай осы сауалды алға шығарып отыр.

Мұғалімнің жалақысы – жай бухгалтерлік көрсеткіш емес. Оның артында күнделікті тұрмыс, несие, отбасының қажеттілігі, баланың шығыны тұр.

Сондықтан мәселені «жаңа бухгалтер жұмысқа үйреніп жатыр» деген түсініктемемен ғана шектеуге болмайды.

Ақтау қалалық білім бөлімі еңбекақыны қайта есептеу нәтижесін, анықталған кемшіліктердің көлемін және педагогтерге тиесілі төлемдердің толық өтелген-өтелмегенін ашық хабарлауға тиіс.

Өйткені мұғалім мемлекеттен артық ақша сұрап отырған жоқ. Өзінің адал еңбегімен тапқан ақысын талап етіп отыр.

Барлық жаңалықтар