Мейрамбек Қартбай Астанадағы еркін күрестен әлем чемпионатын жүлдесіз аяқтады. Қазақстандық балуан есепте алда тұрғанымен, белдесудің соңында қарсыласына жол берді, деп жазады Democrat.kz.
1 қарашада 57 келіге дейінгі салмақтың жұбаныш белдесуінде Қартбай моңғолиялық Мунх-Эрдэнэ Батхуягпен кездесті.
Sports.kz мәліметінше, белдесудің аяқталуына санаулы секунд қалғанда қазақстандық спортшы 8:6 есебімен жеңіп жатқан. Алайда соңғы сәттерде қарсыласы есепті өз пайдасына өзгертті. Кездесу 8:10 нәтижесімен аяқталды.
Осы жеңілістен кейін Қартбай қола медаль үшін белдесуге шығу мүмкіндігінен айырылды.
Бұған дейін ол негізгі кезеңде мексикалық Роман Браво-Янгқа есе жіберген еді. Қарсыласының финалға шығуы қазақстандық балуанға жұбаныш кездесулері арқылы жүлдеге таласуға жол ашқан болатын.