"Жабайы құрмет": Конференциядағы ұстаздардың біртүрлі әрекеті сынға қалды

"Жабайы құрмет": Конференциядағы ұстаздардың біртүрлі әрекеті сынға қалды

Елімізге белгілі тұлғаның сөзін тыңдауға келген мұғалімдердің әрекеті әлеуметтік желіде сынға ұшырады. Көпшілікке үлгі болуы тиіс педагогтердің бір бөлігі конференция кезінде телефон шұқылап, әлеуметтік желі қараумен отырған. Бұл көрініске қынжылған ұстаз Гүлжазира Бекболатқызы әріптестеріне өткір сауал қойды, деп жазады Democrat.kz.

Әлеуметтік желіде мұғалімдердің кәсіби мәдениеті мен жауапкершілігіне қатысты өткір жазба жарияланды. Педагог Гүлжазира Бекболатқызы қатысқан конференциясында көргендерін баяндап, ұстаздардың өзіне сын көзбен қарайтын кезі келгенін мәлімдеді.

Оның сөзінше, конференцияға елімізге белгілі Асхат Қанатұлы Аймағамбетов келгенде, залда отырған жұрттың бір бөлігі қошемет көрсету үшін орындарынан тұрып, айналасында үлкен қарбалас туғызған. Автор мұны мәдениеттіліктің белгісі деп есептемейді.

«Түсінемін, ол кісі зор құрметке лайық азамат, әркім өз ықыласын, қошеметін көрсеткісі келді. Бірақ... бәрінің өз шегі, әр нәрсенің өз мәдениеті болуы керек емес пе? Ықыласты осындай «жабайы» түрде, мәдениетсіздік шегіне жеткізіп көрсету міндет пе еді?» – деп жазды педагог.

Алайда оны қынжылтқан жалғыз жағдай бұл емес.

Конференцияда әлемге әйгілі білім сарапшысы, шетелдік спикер Энди Харгривз мұғалімнің өзгермелі қоғамдағы рөлі туралы ой қозғаған. Бірақ залдағы педагогтердің бәрі бірдей оның сөзін тыңдауға ықылас танытпаған көрінеді.

«Әлемге әйгілі білім сарапшысы, шетелдік спикер Энди Харгривз сахнада отырып: «Өзгермелі әлемде мұғалім қалай өзгеруі керек?» деген аса маңызды сұраққа жауап іздеп, ұлттың болашағы үшін құнды ойлар айтып жатты. Ондай тұлғалар күн сайын қолға түсе бермейді ғой. Ал залдағы мұғалімдердің 70 % не істеп отыр?

Бірі - телефон шұқылап, WhatsApp-тың статусын қарауда.

Екіншісі - Instagram мен TikTok-тың сторисін парақтап отыр», – дейді жазба авторы.

Осылайша, педагогтің айтуынша, ұстаздардың бір бөлігі әлемдік деңгейдегі маманның тәжірибесін тыңдаудың орнына әлеуметтік желілерге алаңдаған.

«Алтын уақыт, терең білім, жаңашыл ұстаздың айтқан тәлімі далаға кетті. Қоғамды өзгертеміз, ұрпақ тәрбиелейміз деп жүрген өзіміз осындай болсақ, ертеңгі шәкірттерімізден қандай сана күтеміз?» – деп қынжылады ол.

Бұл жазба білім саласындағы маңызды қайшылықты көрсетеді. Соңғы жылдары мұғалімдердің кәсіби дамуы, жаңа технологияларды меңгеруі, халықаралық тәжірибені игеруі туралы жиі айтылады. Алайда педагогтің кәсіби дамуы конференцияға қатысып, сертификат алумен ғана өлшенбейді. Оның ең басты көрсеткіші – жаңа білімді қабылдап, оны күнделікті тәжірибесінде қолдана білуі.

Мәселенің тағы бір қыры бар. Мұғалімдердің артық есептен, бітпейтін жиналыстардан және формалды іс-шаралардан шаршағаны туралы да аз айтылып жүрген жоқ. Сондықтан конференцияға қатысушылардың назарсыз отыруының себептерін біржақты түсіндіруге болмайды.

Дегенмен кәсіби жиынға қатысқан адамның баяндамашыны тыңдауы, өзгелердің еңбегін құрметтеуі – қарапайым мәдениеттің талабы. Әсіресе осы құндылықтарды шәкірт бойына сіңіруге жауапты педагог үшін бұл мәселенің салмағы бөлек.

Гүлжазира Бекболатқызы әріптестеріне қойған сауалын одан әрі өткірлей түскен.

«Егер біз өзіміздің кәсіби деңгейімізге, ішкі мәдениетімізге, уақыт пен білімді бағалау қабілетімізге сын көзбен қарамайтын болсақ, қай заманның озық өркениетіне жетеміз?

Ұстаз - ұлттың айнасы. Сол айнаның жүзіне қарап түзелер кез келген жоқ па, әріптестер?» – деп түйіндеді ол.

Расында, ұстаздар қауымының басшылықтан әділдік, оқушыдан тәртіп, ата-анадан құрмет талап етуі орынды. Бірақ кәсіби жауапкершілік тек өзгелерге талап қоюмен шектелмейді. Ол ең алдымен мұғалімнің өз ісіне, уақытына және білімге деген көзқарасынан басталады.

Сонымен бірге бір конференциядағы жекелеген көріністі бүкіл педагогтер қауымына телуге болмгайды. Жазба авторы келтірген 70 пайыздық көрсеткіш те тәуелсіз есеппен расталмаған, оның жеке бақылауына негізделген.

Дегенмен көтерілген мәселенің мәні бұдан кемімейді. Мұғалім өзгермесе, білім беру жүйесін жаңартуға бағытталған реформалардың өзі күткен нәтижесін бере ала ма?

Бұл – тек конференцияға қатысқан ұстаздарға емес, тұтас білім саласына қойылған сауал.

Барлық жаңалықтар