Қазақстандықтардың басым бөлігі негізгі мемлекеттік институттарға сенім білдіріп, елдегі ахуалды оң бағалайды. Бұл туралы Қазақстандық қоғамдық даму институты жүргізген 2026 жылдың III тоқсанындағы қоғамдық-саяси ахуалдың негізгі индикаторлары жөніндегі зерттеу нәтижесінде айтылды, деп жазады Democrat.kz.
Зерттеу дерегіне сәйкес, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа деген сенім деңгейі 86,7%-ға жеткен. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3 пайыздық тармаққа жоғары.
Институт мәліметінше, азаматтардың Президент бастамаларына қызығушылығы да жоғары деңгейде. Сауалнамаға қатысқандардың 65,8%-ы Мемлекет басшысының бастамалары туралы ақпаратты тұрақты немесе мерзімді түрде алып отыратынын айтқан.
Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған және кейін іске асырыла бастаған бастамалардың көпшілігі азаматтар тарапынан қолдау тапқан.
Ең көп қолдау білдірілген үш бастама мыналар:
- бір палаталы Құрылтайға көшу;
- 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялау;
- «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясындағы қаражатты тұрғын үй жағдайын жақсартуға және білім алуға пайдалану.
Сонымен қатар технологиялық даму, атом энергетикасы, білім мен ғылым саласындағы бастамаларға, сондай-ақ «Таза Қазақстан» жобасына қоғам тарапынан елеулі қызығушылық бар.
Зерттеу қорытындысында азаматтардың елдің жалпы даму бағытына ғана емес, мемлекеттік басқару жүйесіне, жаңа технологияларға, адами капитал мен өмір сапасына қатысты нақты шешімдерге де қолдау білдіретіні айтылған.
Жалпы, 2026 жылдың III тоқсаны бойынша жүргізілген зерттеу институционалдық сенімнің тұрақты екенін және елдегі жағдайдың көбіне оң бағаланатынын көрсеткен.
Сауалнама 31 шілде мен 16 тамыз аралығында жүргізілген. Оған Қазақстанның 18 жастан асқан ересек тұрғындарының жынысы, жасы, тұрғылықты жері және өңірлік құрылымын ескеретін ұлттық іріктеу бойынша 2 400 респондент қатысқан.
Зерттеушілер мәліметінше, іріктеменің ең жоғары қателік шегі 95% сенімділік деңгейінде ±2%-дан аспайды.