"Түнгі сағат бірде сүйіншілететін министріміз қайда?"деген ұстаздар Жұлдыз Сүлейменоваға іздеу салуда

"Түнгі сағат бірде сүйіншілететін министріміз қайда?"деген ұстаздар Жұлдыз Сүлейменоваға іздеу салуда
Өткен апта бойы еліміздің кей депутаттары мен педагогтар арасындағы "мектепті әкімдікке беру", "мұғалімдерді қоғамдық жұмысқа тарту" мәселесі төңірегінде тоқтаусыз пікірталас жүрді. Бүкіл әлеуметтік желі мұғалімдерге ақыл айтқандар мен депутаттарды жақтаған және өз құқығын талап етіп, шырылдаған педагогтардың пікірлеріне толды. Алайда мұғалімдеріне жан жақтан "білгіштер" жабылып жатқанда, Оқу ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова бір төбе көрсетіп, "әу" демеді деп жазады Democrat.kz.
 
Министрдің өз мұғалімдерін қорғап, бір ауыз сөз сөйлемегеніне қатысты Democrat.kz. бұған дейін де жазды. 
 
Арада бірер күн өтті. Өкінішке қарай, министрлік жақтан шыққан дыбыс жоқ.
 
Министрдің бұл үнсіздігіне қатысты білікті ұстаз, білім саласының майталман маманы Гүлжазира Ысқақова өз пікірін: "Ех, біз де аңғал халықпыз-ау... Жұлдыз ханым келгенде, «білімнің жұлдызы жарқырап, мұғалімнің бағы жанады» деп бөрігімізді аспанға атып едік.
 
Сөйтсек, ол жұлдыз бізге емес, тек Ақорданың дәліздеріне сәуле шашу үшін жанған екен ғой.
Естеріңізде ме? Министріміздің «еңбекқорлығы» сондай - түнгі сағат 1-де Грамотаға қол қойғанын, Ақордадан “сүйіншілеп” фейсбук пен инстаграмды «жарып» жіберетін еді ғой.
 
Түн баласы ұйықтамай, 350 дипломға қол қойып отырған «қаһарманды» көріп, көзімізге жас алып едік. «Ақордадан шықтым» деген әр жазбасы - бір-бір блокбастер!
 
Бірақ, нағыз майдан басталғанда неге үнсіз?
Депутаттар мұғалімді әкімдердің табанына салып бермекші болып жатыр - Министр үнсіз.
«Қолбала мұғалім» заманы қайта орнағалы тұр - Министр үнсіз.
 
 Жайшылықта «мұғалім - менің бауырым, мұғалім - менің досым» деп пост жазу оңай. Ал сол бауырларыңды әкімдіктің «чернорабочийі» қылмақ болғанда «Әу!» деуге жарамасаңыз, ол креслоның кімге керегі бар?
 
Бізге Ақорданың алдында селфи жасап, түнгі бірде мақтау қағазына қол қойғанын мақтанатын «пиар-менеджер» емес, мұғалімнің құқығы үшін азуын көрсететін Министр керек еді…
 
 Әлде, децентрализация болса, министрліктің жүгі жеңілдеп, түнде ертерек ұйықтауға мүмкіндік туады деп қуанып отырмыз ба?
 
Жұлдызымыз жарқырайды ма десек, бір-бірлеп сөніп, қараңғылыққа бет алып бара жатқандаймыз…"деп жеткізді. 
 
Барлық жаңалықтар