Қазақстандық ұстаз Гүлжазира Искакова әлеуметтік желідегі парақшасында қазіргі оқушылардың білімге деген көзқарасына қатысты алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, 5-сынып оқушылары арасында оқу үдерісін тек балл жинаумен байланыстыратын үрдіс күшейген деп жазады Democrat.kz.
30 жылдық тәжірибесі бар педагог биылғы оқу жылында 5-сыныпқа жетекшілік етіп, бірнеше сыныпқа сабақ беріп жүргенін атап өтті.
Ол өз жазбасында оқушылардың басым бөлігі білім мазмұнын терең меңгеруге емес, бағалау нәтижесіне ғана мән беретінін жеткізген.
“Аузын ашса — «Неше балл?» Қолын қимылдатса — «Неше балл?»
Оқушы үшін білім — құндылық емес, тек «валютаға» (баллға) айырбасталатын тауар сияқты болып кеткен. Мен оларға еркін сөйлеуді, мәтінмен жұмыс істеуді, CLT (коммуникативті әдіс) арқылы тілді сезінуді үйреткім келеді. Ал олардың ойында — тек цифр. Олар критериалды бағалау жүйесінің тереңдігін емес, тек соның «ұпай жинау» жағын ғана меңгеріп алған. 3 тоқсан бойы арпалыс...,– деп жазады ұстаз.
Педагогтың пікірінше, мұндай жағдай бастауыш сыныптан қалыптасқан «тек үздік болу» қағидасымен және ата-аналардың жоғары нәтижеге бағытталған талабымен байланысты. Соның салдарынан оқушылар арасында «балл үшін оқу» дағдысы қалыптасқан.
Ұстаздың айтуынша, бұл мәселе тек жекелеген сыныпқа тән емес, жалпы білім беру жүйесінде назар аударуды қажет ететін өзекті тақырыптардың бірі.
Сарапшылар білім беру үдерісінде оқушылардың сыни ойлау қабілетін дамытуға, функционалдық сауаттылығын арттыруға және білімнің практикалық маңызын күшейтуге басымдық беру қажеттігін атап өтеді.
Дереккөз: sheberlik_shyny