1 қыркүйектен бастап сабақ кезінде оқушылардың телефоны жиналуы мүмкін

1 қыркүйектен бастап сабақ кезінде оқушылардың телефоны жиналуы мүмкін

Қазақстан мектептерінде смартфон қолдануға қатысты тәртіп күшейтілмек. Сабақ кезінде оқушы телефонды мұғалімге тапсыруы немесе арнайы жәшікке қалдыруы мүмкін. Ал үзілісте гаджет қолдануға рұқсат беріледі деп жазады Democrat.kz.

Жаңа оқу жылынан бастап қазақстандық мектептердегі смартфон мәселесіне ортақ талап енгізілмек.

Оқу-ағарту министрлігі сабақ үстінде мобильді телефон қолдануды шектеу тәртібін күшейтуді көздеп отыр. Негізгі қағида — смартфон баланың сабағына кедергі келтірмеуі тиіс. 

Бұл ретте телефонды дәл қандай тәсілмен жинау керегін әр мектеп өз жағдайына қарай анықтайды. Бір жерде арнайы жәшік қолданылса, екінші мектепте телефон сыныптағы белгілі бір орында сақталуы мүмкін. 

Бірінші вице-министр Шынар Ақпарова бұл ұйымдастыру жағы мектептің мүмкіндігіне қарай шешілетінін түсіндірді.

Шектеу телефонды мектепке мүлде алып келуге тыйым салу дегенді білдірмейді. Оқушы үзіліс кезінде смартфонын пайдалана алады. Негізгі шектеу сабақ уақытына қатысты. 

Министрлік мұндай қадамды балалардың сабақ үстінде ойын, әлеуметтік желі және хат алмасуға жиі алаңдауымен байланыстырады. Мақсат — тәртіпті күшейтіп, оқушының назарын сабаққа аудару. 

Бұл талаптың іс жүзіндегі орындалуы мектептерге байланысты болмақ. Мысалы, жүздеген оқушының телефонын кім қабылдайтыны, оның сақталуына кім жауап беретіні және жоғалған немесе бүлінген жағдайда жауапкершілік қалай шешілетіні сияқты ұйымдастырушылық сұрақтар бар.

Сондықтан жаңа талаптың басты сынағы қағаздағы ережеде емес, мектептердің оны күнделікті жағдайда қалай жүзеге асыратынында болмақ.

Барлық жаңалықтар