15 қыркүйекте басталуы тиіс еді: Қазақстанда тұмауға қарсы вакцина әлі жоқ

15 қыркүйекте басталуы тиіс еді: Қазақстанда тұмауға қарсы вакцина әлі жоқ

Қазақстанда тұмауға қарсы вакцинация белгіленген мерзімде басталмады. Денсаулық сақтау министрлігі алғашқы вакциналар өңірлерге қазан айының басында ғана жеткізілетінін хабарлады, деп жазады Democrat.kz.

Бас мемлекеттік санитар дәрігердің қаулысына сәйкес тұмауға қарсы вакцинация 15 қыркүйекте басталуға тиіс болған.

Екпе бірінші кезекте созылмалы ауруы бар адамдарға, мектеп оқушыларына, жүкті әйелдерге, қарттарға, кішкентай балаларға және жабық мекемелерде тұратын азаматтарға қарастырылған.

Алайда 15 қыркүйектен кейін емханаларға барған тұрғындар вакцина жоқ деген жауап алған.

Informburo.kz дерегінше, қазіргі уақытта тұмауға қарсы екпені ақылы түрде де салдыру мүмкін болмай отыр.

Денсаулық сақтау министрлігі 2026 жылға өңірлердің өтінімі бойынша 2,2 млн дозадан астам «Гриппол плюс» вакцинасын сатып алғанын хабарлады.

Препарат Ресейде өндіріледі.

Министрлік жеткізу мерзімінің кейінге шегерілуін вакцинаның штаммдық құрамын жыл сайын жаңартуға байланысты тіркеу рәсімдерімен түсіндірді.

Қазір тіркеу рәсімі аяқталған.

Алғашқы партия қазан айының басында келеді деп күтіліп отыр.

Ресми дерек бойынша қыркүйек басталғалы Қазақстанда 51 937 ЖРВИ жағдайы тіркелген. Бұл былтырғы кезеңнен 1,8 есе аз. Әзірге тұмау немесе жаңа вирус жағдайлары анықталмаған.

Барлық жаңалықтар