Мұғалімдер күніне орай педагогтерге электр шәйнек пен гүл сыйлау жоспарланып отыр. Білім саласына жауапты мекеме мерекелік шараға шамамен 3,9 млн сом бөліп, оның 2,3 млн сомнан астамын сыйлық алуға жұмсамақ. Жаңалық әлеуметтік желіде қызу талқыланып, «біздің мұғалімдерге де осылай сыйлық берілсе» деген пікірлер айтылды, деп жазады Democrat.kz.
Әңгіме Қырғызстан астанасы Бішкек қаласының мұғалімдері туралы болып отыр.
Бішкек мэриясының Білім департаменті 2026 жылғы Мұғалімдер күніне арналған тауарлар мен қызметтерді сатып алу жөнінде тендер жариялаған. Мемлекеттік сатып алу деректеріне сүйенген жергілікті БАҚ мәліметінше, мерекеге жалпы 3 млн 919,2 мың сом қарастырылған.
Соның ішінде 2 млн 318 мың сомға 1100 электр шәйнек пен гүл шоқтарын сатып алу жоспарланған. Шәйнектер температураны реттеу функциясымен жабдықталуы тиіс. Жергілікті БАҚ дерегінде 52 гүл шоғы сатып алынатыны және әрқайсысы бес голландиялық ақ раушаннан тұратыны нақтыланады.
Мерекенің шығыны мұнымен шектелмейді. Концерттік бағдарламаға 1 млн 230 мың сом, LED-экрандарды жалға алуға 300 мың сом, ал полиграфиялық қызметке шамамен 71 мың сом қарастырылған. Жеткізушілерден ұсыныс қабылдау 25 қыркүйекке дейін жалғасады.
Қырғызстанда Мұғалімдер күні 5 қазанда атап өтіледі. Елдің Ағарту министрлігінің мәліметін келтірген жергілікті басылымның хабарлауынша, Қырғызстандағы 2374 мектепте шамамен 97 мың мұғалім еңбек етеді.
Ал 1100 шәйнек туралы жаңалық әлеуметтік желіде қазақстандық оқырмандардың да назарын аударған.
Бір қолданушы:
«Шәйнек мұғалімдерге сабақ үстінде де жетеді, әр сыныпта кемінде 40-тан», –
деп әзілдеген. Пікір 800-ден астам лайк жинаған.
Екінші оқырман мұғалімге шәйнек сыйлағаннан гөрі ақшалай сыйақы берген дұрыс деген пікір білдірген:
«Шәйнек сыйлауға ұят сияқты. Шын мәнінде әр мұғалімнің есепшотына ең болмаса 5000 сомнан сыйақы аударса ғой».
Ал тағы бір педагог:
«Менде шәйнек бар. Оны “Жыл мұғалімі” байқауының үшінші кезеңіндегі номинация үшін алғанмын», –
деп жазған.
Айта кетейік, бұл Бішкекте мұғалімдерге шәйнек сыйлау алғаш рет кездесіп отырған жағдай емес. Мемлекеттік сатып алу деректерінде 2024 жылы да Мұғалімдер күніне сыйлық ретінде 90 электр самовары, гүлдер мен сыйлық қаптамаларын сатып алуға конкурс өткізілгені көрсетілген.
Биылғы тендер бойынша сатып алу рәсімі әлі аяқталмаған. Сондықтан көрсетілген 3,9 млн сом — жоспарланған бюджет, ал нақты жұмсалатын қаражат конкурс қорытындысынан кейін белгілі болады.