Абай облысында Instagram-дағы «оңай табыс» туралы хабарландыруға сеніп, банк шотын бөтен адамдарға берген 30 жастағы әйел дропперлік үшін сотталды, деп жазады Democrat.kz.
Көкпекті ауданының тұрғыны Instagram-нан банк шотын жалға беріп ақша табуға болатыны туралы хабарландыру көрген.
Сілтеме арқылы Telegram-ға өткен соң белгісіз адам оған банк шотын үшінші тұлғалардың ақша аударымдарына пайдалануға беруді ұсынған.
Әйел келіскен.
2–9 наурыз аралығында оның шотына әртүрлі адамдардан ақша түскен.
Өз шотын пайдалануға бергені үшін әйел 40 мың теңге алған.
Іс сотқа жіберіліп, оның әрекеті банк шотына және төлем құралдарына заңсыз қолжетімділік беруге қатысты Қылмыстық кодекс нормасы бойынша сараланған.
Сот әйелдің кінәсін мойындауын, өкінуін және кәмелетке толмаған балалары барын ескерген.
Оған 20 АЕК – 86 500 теңге айыппұл салынды.
Бұдан бөлек Жәбірленушілерге өтемақы қорына тағы 5 АЕК – 21 625 теңге өндірілді.
Ең бастысы — әйел қылмыстық іс бойынша сотталған адам мәртебесін алды.