"Күтіп, шаршадық": Кей аймақ мұғалімдерінің жалақысы неге берілмей жатыр?

"Күтіп, шаршадық": Кей аймақ мұғалімдерінің жалақысы неге берілмей жатыр?

Қыркүйектің аяқталуына санаулы күн қалса да, Қазақстанның кей өңірлеріндегі педагогтер жалақының кешігуіне алаңдап отыр. Әлеуметтік желілерде мұғалімдер «айлық қашан түседі?», «неге кешігіп жатыр?» деген сауалдар қойып, бір-бірінен ақпарат сұрауда. Биыл педагогтердің еңбекақысы мен басқа да төлемдерінің кешігуі бұған дейін де бірнеше өңірде тіркелген, деп жазады Democrat.kz.

Жаңа оқу жылы басталғалы мұғалімдердің әлеуметтік желідегі кәсіби қауымдастықтарында жалақы мәселесі қайта көтеріле бастады. Педагогтер қыркүйектегі айлықтың қашан аударылатынын сұрап, төлемнің әдеттегіден кешігіп жатқанына алаңдаушылық білдіруде.

Мәселенің биыл алғаш рет туындап отырғаны емес. Шілдеде Ақтөбе облысының мұғалімдері жалақы мен еңбек демалысына тиесілі ақшаның кешіккенін айтып шағымданған. Кейбір педагогтер 1 шілдеден бастап демалысқа шыққанымен, тиісті қаражатын уақытында ала алмағанын айтқан. Білім басқармасы ол кезде бюджеттен қаражаттың түсуін күтіп отырғанын түсіндірген.

Бұдан бөлек, Қызылордадағы жекеменшік Amanat School мектебінің 11 қызметкері бірнеше ай бойы жалақы ала алмағанын айтып, сотқа жүгінген. Олар жалақымен қатар демалыс ақысын, зейнетақы және әлеуметтік аударымдарды өндіріп беруді талап еткен.

Ақтөбедегі екі жекеменшік мектепте де бұған дейін 741 қызметкердің бірнеше ай бойы жалақысыз қалғаны хабарланған. Бұған жан басына шаққандағы қаржыландыру қаражатының аударылмауы себеп болған.

Маңғыстауда да педагогтердің төлеміне қатысты заңбұзушылық анықталды. 23 қыркүйекте жарияланған прокуратура тексерісінің қорытындысы бойынша Мұнайлы ауданындағы 10 мектепте зейнет жасына жетуіне байланысты еңбек шарты тоқтатылған 69 педагогке заңда көзделген өтемақы төленбеген. Берешек шамамен 8 млн теңгені құрап, кейін толық өтелген. Он мектептің директоры тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Алайда әлеуметтік желілердегі қазіргі «қыркүйектің айлығы түспеді» деген жазбалардың барлығын бір себеппен байланыстыруға әзірге негіз жоқ. Әр мектеп пен өңірдегі жалақы төлеу күні еңбек шартында белгіленеді.

Қазақстанның Еңбек кодексіне сәйкес, жалақы айына кемінде бір рет және келесі айдың бірінші онкүндігінен кешіктірілмей төленуге тиіс. Нақты төлем күні еңбек шартында көрсетіледі. Сондықтан қыркүйек айының жалақысы 23 қыркүйектің өзінде түспеген болуы автоматты түрде заң бұзылды дегенді білдірмейді.

Дегенмен педагогтердің әлеуметтік желіде «айлық қашан түседі?» деп жаппай сұрай бастауы білім саласындағы төлемдердің уақытылы жүргізілуі мәселесін қайта күн тәртібіне шығарып отыр. Әсіресе биыл Ақтөбе, Қызылорда және Маңғыстауда педагогтерге тиесілі төлемдердің кешігуіне байланысты нақты жағдайлардың тіркелуі мұғалімдердің алаңдауына негіз болып отыр.

Барлық жаңалықтар