25 қыркүйек – Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні

25 қыркүйек – Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні

Бүгін, 25 қыркүйек, Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні. Мемлекет басшысының өкімімен бұл күн Маңғыстау облысында қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза болған әскери қызметшілерді еске алуға байланысты жарияланды, деп жазады Democrat.kz.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 24 қыркүйектегі №334 өкіміне сәйкес, 2026 жылғы 25 қыркүйек Қазақстан Республикасында жалпыұлттық аза тұту күні болып белгіленді. 

Бұған 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында болған қайғылы оқиға себеп болды. Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде Каспий теңізінің жағалауында ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан оқу-жауынгерлік міндеттерін орындап жүрген 19 әскери қызметшіні теңізге алып кеткен. Ресми мәлімет бойынша, тоғыз әскери қызметші қаза тапты, үшеуі құтқарылды. Қалған әскери қызметшілерді іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр. 

Жалпыұлттық аза тұтуға байланысты елдегі мемлекеттік және әкімшілік ғимараттарда Қазақстанның Мемлекеттік туы ту бағанының жартысына дейін төмен түсіріледі. Сондай-ақ республика бойынша мәдени-бұқаралық іс-шаралар тоқтатылады. 

Мәдениет және ақпарат министрлігі бұқаралық ақпарат құралдарына, телерадио хабарларын тарату операторларына, мемлекеттік органдар мен ұйымдарға аза тұту күніне арналған талаптар мен ұсынымдарды сақтауға шақырды. 

Қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз.

Барлық жаңалықтар