«58 бала уланған мектеп әлі ашылмады»: РФММ директоры қызметінен кетті

«58 бала уланған мектеп әлі ашылмады»: РФММ директоры қызметінен кетті

Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінде 58 оқушы ауруханаға түскен жаппай улану оқиғасынан кейін білім ордасының жұмысы әлі толық қалпына келген жоқ. Интернатта тұратын балалар қашықтан оқуды жалғастырып жатыр. Осы тұста мектеп директорының қызметінен кеткені де белгілі болды, деп жазады Democrat.kz.

Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебі (РФММ) жаппай улану оқиғасынан кейін бұрынғы жұмыс тәртібіне әлі орала алмай отыр.

Мектептің ата-аналарға жолдаған хабарламасына сәйкес, 16 қарашадан бастап оқу үдерісі аралас форматта қайта басталмақ. Алматыда тұратын оқушылар сабаққа келсе, интернат тәрбиеленушілері қашықтан білім алуды жалғастырады.

Бұған мектеп асханасының жұмысы әлі толық қалпына келмегені себеп болған. Тамақтандыру мәселесі шешілмейінше, өзге өңірлерден келген балаларды интернатқа орналастыру мүмкін емес.

Оқушылардың интернатқа оралуы алдын ала 22 қарашаға жоспарланған. Алайда бұл мерзім асхананың дайындығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қажетті талаптардың орындалуына байланысты өзгеруі мүмкін.

Осы аралықта мектеп директорының қызметінен кеткені хабарланды.

BES.media мәліметінше, мектептің баспасөз қызметі басшының өз еркімен жұмыстан кеткенін растаған. Дегенмен оның қызметтен кетуіне жаппай улану оқиғасының тікелей себеп болғаны жөнінде ресми түсініктеме берілген жоқ.

Еске салайық, 12 қазаннан бастап РФММ оқушылары жедел ішек инфекциясының белгілерімен ауруханаға түсе бастаған. Кейін ауруханаға жатқызылған балалар саны 58-ге жетті. 22 қазанға қарай олардың барлығы емделіп шыққан.

Санитариялық тексеру кезінде мектеп асханасында азық-түлікті сақтау және тамақ дайындау талаптарының бұзылғаны анықталған. Асхана қызметкерлерінің төртеуінен алтын түстес стафилококк, ал дайын тағамдар мен ыдыстардан ішек таяқшасы табылғаны хабарланды.

Оқиғаға байланысты қылмыстық іс тіркеліп, санитариялық-эпидемиологиялық тексеру жүргізілді.

Дегенмен балалардың ауруханадан шыққаны мектептегі қауіп толық жойылып, оқу орны қалыпты жұмысқа дайын дегенді білдірмейді.

Әсіресе өзге өңірлерден келген оқушылардың тағдыры алаңдатады. Олар интернатта тұрып білім алуға тиіс болғанымен, асханадағы жағдай толық реттелмегендіктен, әлі қашықтан оқуға мәжбүр.

Бұл жағдай мектеп асханасын бақылайтын жауапты тұлғалардың міндетіне және тағам жеткізуші компанияның жауапкершілігіне қатысты сұрақтарды қайта көтереді.

Балалардың жаппай улануына жол берген кемшіліктер үшін нақты кім жауап беретіні, қылмыстық тергеудің қандай нәтижеге жеткені және осындай жағдайдың қайталанбауы үшін қандай шаралар қабылданғаны қоғамға ашық айтылуға тиіс.

Өйткені еліміздің дарынды балалары білім алатын мектептің қауіпсіз жұмыс істеуі ең алдымен сол балалардың денсаулығын қорғаудан басталады.

Барлық жаңалықтар