"Дәптерді дұрыс тексермеген" деп мұғалімнің үстінен прокуратураға шағымданбақ

"Дәптерді дұрыс тексермеген" деп мұғалімнің үстінен прокуратураға шағымданбақ

Әлеуметтік желіде жас мұғалімнің ата-анамен арадағы жанжалдан кейін жазған жанайқайы қызу талқыланды. Педагог оқушының дәптерін тексеруіне байланысты ата-ананың шағымына ұшырағанын, тіпті прокуратурамен қорқытылғанын мәлімдеді. Жазбаға пікір білдірген өзге ұстаздар да бітпейтін есеп, комиссиялар мен ата-аналардың қысымынан қажығанын жасырмады, деп жазады Democrat.kz.

Threads әлеуметтік желісінде кәсіби қызметін енді бастаған жас мұғалімнің жазбасы көптің назарын аударды.

Педагог мектепке жаңадан жұмысқа орналасқанын, алайда көп ұзамай ата-аналардың бірімен келіспеушілік туындағанын жазған.

Оның айтуынша, жанжал оқушының дәптерін тексеруден басталған. Ата-ана мұғалімнің дәптерді дұрыс тексермегенін айтып, наразылық білдірген. Тіпті прокуратураға шағым түсіретінін жеткізген.

«Мұғалім болу шаршатты шыны керек. Бітпейтін қағаздар,конкурс,іс-шара,ата-ана. Мектепке енді кірген жас маманмын. Менің артымнан бір ата-ана түсіп алды. Дәптер тексеруде біз робот емеспіз ғой. Дәптерді дұрыс тексермеген деп менімен соттаспақшы. Тіпті прокуратураға да жазып тастап қорқытып отыр.Жұмыстан шығара ала ма мені тексеріс келген күннің өзінде? Мен өз білімімді дәлелдей аламын. Мұғалім білімі тек дәптердегі болмашы қателермен өлшенбеуі керек. Осыдан кейін мектепке кім барғысы келеді», – деп жазған жас ұстаз.

Бұл жазбада мұғалімнің шаршағаны ғана емес, өзінің кәсіби болашағына алаңдаушылығы да анық байқалады.

Жұмысын жаңа бастаған педагог ата-ананың шағымынан кейін қызметінен айырылып қаламын ба деп қауіптеніп отыр.

Алайда ата-ананың шағым түсіруі мұғалімнің кінәлі екенін білдірмейді. Сол сияқты дәптер тексеру кезінде жіберілген қате де өздігінен педагогті жұмыстан шығаруға негіз бола алмайды. Мұндай мәселе нақты мән-жайы мен еңбек заңнамасының талаптарына сәйкес қаралуға тиіс.

«Мектептен безіп кеткіміз келіп жүр»

Жас мұғалімнің жазбасына әріптестері де үн қосқан.

«Мектептен безіп кеткіміз келіп жүр. Комиссия деп, баламен жұмыс жасау қалды. Бітпейтін есеп, қағаз», – деп жазған педагогтердің бірі.

Бұл пікір мұғалімдердің күнделікті жұмысындағы тағы бір қайшылықты көрсетеді.

Мектепке келген маманның негізгі міндеті — бала оқыту. Бірақ мұғалімдер сабақтан бөлек түрлі есептер, тексерулер, байқаулар мен іс-шараларға уақыт жұмсайтынын айтып келеді.

Мұның бәрі жас маманға ерекше ауыр тиюі мүмкін. Өйткені ол бір мезгілде кәсіби ортаға бейімделіп, сабақ жүргізуді меңгеріп, оқушылармен және ата-аналармен қарым-қатынас орнатуы керек.

Оның үстіне ата-анамен арадағы әрбір келіспеушілік шағым мен тексеруге ұласса, мұғалімнің өз жұмысына деген сенімі әлсіреуі ықтимал.

Мұғалім де адам. Оның қателесуге құқығы жоқ па?

Жарияланымға пікір білдірген азаматтардың бірі:

«Внимание жетпейтін,кішкене басында бақасы бар ата-аналар көп.Соттың оның баласының дәптерінен басқа проблемасы жоқ дейсіз бе?Өз тірлігіңізді істеп жүре беріңіз!Ештеңеден қорықпаңыз!Сәл шыдасаңыз бәрін жеңіп шығасыз!....», – деп жас маманға қолдау білдірген.

Дегенмен мәселені ата-ананың шағымдану құқығына қарсы қою да дұрыс емес.

Ата-ана баласының білім сапасына алаңдап, мұғалімнің жұмысындағы кемшілікті көрсетуге құқылы. Егер педагог шынымен қателік жіберсе, оны түзетуі қажет.

Бірақ дәптер тексерудегі келіспеушілік бірден қорқытуға, қызметтен кетіруді талап етуге немесе педагогтің кәсіби қабілетін тұтастай жоққа шығаруға ұласса, бұл мектептегі өзара сенімге кері әсер етеді.

Мұғалімнің әр әрекетінен мін іздеу мен оның кәсіби қызметін әділ бағалау — екі бөлек мәселе.

Бір қателік мұғалімнің бүкіл білімін жоққа шығармайды. Сол сияқты педагогтің мәртебесі де оның кез келген әрекетін сыннан қорғамайды.

Ең маңыздысы — ата-ана мен мұғалім арасындағы дауды баланың мүддесіне нұқсан келтірмей шешу.

Жас мұғалімдерді мектепте қалай сақтап қаламыз?

Жазбадағы ең ауыр сөйлем — «Осыдан кейін мектепке кім барғысы келеді».

Бұл — жұмысына көңілі толмаған адамның жай ғана өкпесі емес. Еңбек жолын енді бастаған маманның мектептегі алғашқы тәжірибесінен кейін кәсіби таңдауына күмәндана бастағанын көрсететін сөз.

Мұндай жағдайда мектеп әкімшілігінің рөлі ерекше маңызды.

Жас мұғалімге әдістемелік көмек көрсетіліп, тәлімгер бекітіліп, ата-аналармен туындаған келіспеушіліктерді шешуге қолдау берілуі қажет.

Өйткені ата-анамен арадағы әрбір дауды жас маманның өзіне қалдырып, тексеру басталғанда ғана оның жұмысын бағалау педагогтің кәсіби қалыптасуына көмектеспейді.

Мұғалімнің жұмысында кемшілік болса, оны түзетудің жолы қарастырылуға тиіс. Ал шағым негізсіз болса, педагогтің еңбек құқықтары қорғалуы қажет.

Бүгінгі мектепте мұғалімнен білімді, шыдамды, жауапты, үнемі ізденісте жүретін маман болу талап етіледі. Бірақ оның кәсіби беделін қорғау, жұмысын жеңілдету және психологиялық тұрғыдан қолдау мәселесі де назардан тыс қалмауға тиіс.

Әлеуметтік желідегі бір жазба осы қайшылықты қайта еске салды.

Егер жас маман мектепке келген алғашқы күндерінен бастап жұмыстан айырылып қалудан қорқып, әр қателігі үшін жазаланамын деп алаңдаса, оның балаға сапалы білім беруге деген ынтасы қаншалықты сақталады?

Мұғалімнің беделін көтеру туралы айтылған сөздің шынайы құны осындай жағдайда көрінеді.

Өйткені мектепке жас маманды шақыру бір бөлек, оны мамандығына деген сүйіспеншілігін жоғалтпай ұстап қалу мүлде басқа мәселе.

Барлық жаңалықтар