Әлеуметтік желіде мектеп директоры Рысжан Шамұратованың басшылық қызметтің жауапкершілігі мен қиындықтары туралы жазбасы назар аударды. Ол мұғалімдердің көңіл күйінен бастап, ата-аналардың шағымына, оқушылардың қауіпсіздігіне дейінгі мәселелердің бәріне директор жауап беретінін айтып, мектеп басшылығының көпшілік біле бермейтін қырын ашып көрсетті, деп жазады Democrat.kz.
Мектеп директоры Рысжан Шериязқызы Шамұратова Facebook парақшасында «Директор болу — атақ емес, аманат!» деген тақырыппен жазба жариялады.
Ол мектеп басшысының күнделікті жұмысын сипаттап, директордың міндеті тек бұйрық шығару мен тапсырма беруден тұрмайтынын жеткізген.
«Таңертең бір мұғалімнің көңілі түсіп келді. Артынша ата-анадан шағым түсті. Бір тапсырма орындалмай қалады, немесе телефонға жауап беруге үлгермей қаласың, енді бір қызметкер өз мәселесімен келеді. Кейде бір мәселені шешіп үлгермей жатып, екіншісі есігіңді қағады», – деп жазған мектеп басшысы.
Оның айтуынша, директор мектептегі әр адамның жағдайын түсініп, туындаған мәселелерге дер кезінде шешім қабылдауға тиіс.
«192 мұғалімге жанымнан 192 беттерде қойып отырамын»
Рысжан Шамұратова жазбасында мектептегі мұғалімдермен жұмыс істеудің де оңай еместігін жеткізген.
«Кейде сынып жетекшілерге әзілдеп: “мектептегі 192 мұғалімге жаныма 192 беттерде қойып ауыстырып отырамын, себебі, әрқайсыңыз әртүрлі жаратылыс иесісіз, сыныптағы 25 оқушыны жан-жақты зерттеп, жаттап алатын уақыт болды ғой” -деймін», – дейді ол.
Мектеп басшысы әр мұғалімнің мінезі, жұмыс істеу тәсілі мен адамдармен қарым-қатынасы әртүрлі екенін атап өткен.
Сондықтан директор тек талап қоюшы емес, тыңдай білетін, қажет кезде қолдау көрсететін басшы болуы керектігін жеткізген.
Ол ата-аналардың да мектеп басшысына ерекше жауапкершілік жүктейтінін айтады.
«Адамдар ойлауы мүмкін”ооо директор” деп.... Ооо емес директор-ол жай сіздің балаңыздың қызметшісі», – деп жазған.
Бұл сөздер директордың өзін өзгелерден жоғары қоятын лауазым иесі емес, оқушылар мен ата-аналар алдындағы жауапты қызметкер ретінде сипаттағысы келгенін аңғартады.
«Түнде көзің ұйқыға кеткенше 2620 баланың амандығын тілейсің»
Жазбаның ең әсерлі тұсы — мектеп басшысының оқушылар қауіпсіздігіне қатысты ойлары.
«Балалардың қауіпсіздігі үшін жаныңды шүберекке түйіп отырасың. Түнде көзің ұйқыға кеткенше 2620 баланың амандығын тілейсің», – дейді директор.
Оның сөзінше, мектеп басшысы сабақ уақытынан тыс болған оқиғалар үшін де жауапкершілікті сезінеді.
Мектептегі әр оқушының қауіпсіздігі, мұғалімдер арасындағы қарым-қатынас, ата-аналардың талаптары мен ұжымдағы мәселелер директордың күнделікті жұмысының бір бөлігіне айналған.
Алайда бұл жерде маңызды сұрақ туындайды: 2620 оқушы мен 192 мұғалімі бар білім беру ұйымын басқару бір адамның үнемі алаңдаушылықпен өмір сүруін талап етуге тиіс пе?
Мектеп директорының жауапкершілігі үлкен екені даусыз. Бірақ балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тек басшының жеке уайымына емес, нақты ұйымдастырылған жұмыс жүйесіне сүйенуі қажет.
«Кейде осының бәрі маған керек пе дейсің»
Рысжан Шамұратова басшылық қызметтің адамды қажытатын кездері де болатынын жасырмаған.
«Кейде шаршайсың... Кейде «Осының бәрі маған керек пе?» деп, бәріне қолды бір сілтегің келетін сәттер де болады», – деп жазған ол.
Дегенмен мектеп директоры мұндай сәттерде оқушылардың болашағы мен өзіне артылған сенімді ойлап, қайта күш жинайтынын жеткізген.
Оның пікірінше, директорлық қызметтің мәні жоғары лауазым иеленуде емес, өзіне сеніп тапсырылған міндетті абыроймен атқаруда.
Жазбада басшылардың бір-біріне қолдау көрсетуі, тәжірибе алмасуы және қиындықтарды бірге талқылауы қажет екені де айтылған.
Мектеп директорының бұл жазбасы білім беру жүйесіндегі көп айтыла бермейтін мәселені қозғайды.
Қоғам көбіне мұғалімдердің қағазбастылығы мен шамадан тыс жүктемесіне назар аударады. Ал мектеп басшыларының әкімшілік жауапкершілігі, психологиялық қысымы мен жұмыс көлемі де жеке талдауды қажет етеді.
Әсіресе мыңдаған оқушы білім алатын мектептерде директордың жұмысы жеке адамның төзімділігімен ғана өлшенбеуге тиіс.
Өйткені мектепті басқару — тәулік бойы алаңдап жүру емес, әр қызметкердің міндеті мен жауапкершілігі нақты бөлінген жүйені тиімді ұйымдастыру.
Рысжан Шамұратованың жазбасы осы мәселені қайта еске салды: мұғалім де, директор да — адам. Олардың кәсіби жауапкершілігі қаншалықты жоғары болса да, демалуға, қателігін түзетуге және қолдау алуға құқығы бар.
