Әлеуметтік желіде Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға арналған мұғалімнің үндеуі жарияланды. Педагог сынып жетекшілеріне жүктелетін міндеттердің жылдан-жылға көбейіп жатқанын айтып, олардың еңбекақысын қайта қарауды сұрады. Оның пікірінше, тәрбие жұмысының сапасын арттыру үшін жаңа талаптар енгізу жеткіліксіз, сол міндеттерді атқаратын ұстаздарға нақты қолдау қажет, деп жазады Democrat.kz.
Әлеуметтік желіде өзін ұстаз ретінде таныстырған азаматша Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға ашық үндеу жолдады.
Ол білім беру жүйесінде тәрбие жұмысына ерекше көңіл бөлініп жатқанын, алайда сол жұмыстарды тікелей атқаратын сынып жетекшілерінің еңбегі тиісті деңгейде бағаланбай отырғанын мәлімдеді.
«Бүгінде білім беру жүйесінде «Адал азамат», буллингтің алдын алу, құқықтық тәрбие, қауіпсіздік, құндылықтарға негізделген тәрбие жұмыстары ерекше маңызға ие болып отыр. Енді бұл бағыттар пилоттық аттестаттау аясында да қарастырылуда», – деп жазған ол.
Автордың айтуынша, сынып жетекшісінің міндеті тәрбие сағатын өткізумен шектелмейді.
Ол оқушылардың психологиялық жағдайын бақылайды, ата-аналармен байланыс орнатады, түрлі іс-шараларды үйлестіреді, есеп пен құжаттардың орындалуына жауап береді.
Алайда педагог осы жұмыстардың барлығына қосымша төленетін ақының жеткіліксіз екенін алға тартқан.
«Жауапкершілік артқан сайын еңбекақы неге қатар өспейді?»
Жазба авторы сынып жетекшілігі үшін төленетін қосымша ақының кей жағдайда 10 мың теңгеге де жетпейтінін мәлімдеген.
«Жауапкершілік артқан сайын еңбектің бағасы неге қатар өспейді? Жаңа жобалар енгізіледі, жаңа талаптар қойылады, жаңа міндеттер жүктеледі. Бірақ сол міндеттерді атқаратын ұстаздың мүмкіндігі, материалдық және моральдық қолдауы қаншалықты ескеріліп жатыр?» – деп сұрайды педагог.
Айта кетейік, сынып жетекшілігі үшін төленетін қосымша ақы педагогтің жұмыс істейтін сынып деңгейіне, біліктілік санатына және қолданыстағы есептеу тәртібіне байланысты өзгереді. Сондықтан жазбадағы 10 мың теңге барлық сынып жетекшісіне бірдей төленетін сома емес.
«Тәрбиешіге талап күшейсе, қолдау да күшеюі тиіс»
Мұғалім сынып жетекшілеріне жүктелетін жұмысты қайта қарап, олардың еңбегін әділ бағалау қажеттігін көтерген.
«Сынып жетекшісі – барлық міндетті үнсіз арқалай беретін қызметкер емес. Ол да еңбегі әділ бағалануға тиіс маман», – деп жазған автор.
Оның пікірінше, тәрбие жұмысының сапасын талап етпес бұрын, осы жұмысты ұйымдастыратын мұғалімнің жағдайына назар аудару қажет.
Бұл үндеу білім саласындағы маңызды қайшылықты көрсетеді.
Бір жағынан, мектептерде балалардың қауіпсіздігіне, буллингтің алдын алуға, құқықтық және адамгершілік тәрбиеге қойылатын талаптар күшейіп келеді.
Екінші жағынан, осы міндеттердің едәуір бөлігі сабақ жүктемесі бар сынып жетекшілеріне жүктеледі.
Мұндай жағдайда қосымша жұмыстардың нақты көлемін, оған жұмсалатын уақытты және төленетін еңбекақының сәйкестігін қайта қарау қажеттігі туындайды.
Өйткені тәрбие сапасын арттыру тек жаңа бағдарлама мен міндет енгізуге байланысты емес. Оны жүзеге асыратын мұғалімнің еңбек жағдайы мен кәсіби мүмкіндігі де маңызды.
Ал сынып жетекшісінен барған сайын көбірек жауапкершілік талап етілсе, сол еңбектің әділ бағалануы туралы сұрақ та жауапсыз қалмауға тиіс.
