Астанада бұрынғы Алматы әкімі Бауыржан Байбекке тиесілі делінген қымбат сағаттар коллекциясының жоғалуына қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша түпнұсқа сағаттардың орнына көшірмелер қойылған, ал шығын шамамен 90 млн теңгеге бағаланған, деп жазады Democrat.kz.
Оқиға туралы алғашқы ақпаратты журналист Михаил Козачков жариялады. Кейін Астана полициясы 31 жастағы ер адамның ұсталғанын растады.
БАҚ мәліметінше, күдікті бұрын Байбектің жеке көмекшісі болып жұмыс істеген және үйге кіру мүмкіндігі болған.
Алдын ала нұсқа бойынша отбасы шетелге кеткен уақытта коллекциядағы қымбат сағаттар алынып, олардың орнына алдын ала сатып алынған көшірмелер қойылған.
Жоғалған заттардың жалпы құны шамамен 90 млн теңге деп көрсетіліп отыр.
Астана полициясы күдіктінің ұсталғанын растағанымен, жәбірленушінің аты-жөні мен тергеудің барлық егжей-тегжейін ресми түрде жарияламады. Сондықтан істің түпкілікті мән-жайы тергеу барысында анықталады.