Алдағы уақытта Қытай мен АҚШ арасында нағыз тайталас басталуы мүмкін

Алдағы уақытта Қытай мен АҚШ арасында нағыз тайталас басталуы мүмкін
Алдағы уақытта ЖИ әлемдік экономикаға үлкен ықпал етуді бастайды. Сонымен қатар ЖИ бастамаларға қаржы құю артады деп жазады Democrat.kz. 
 
Бұл туралы танымал сарапшы, журналист Асхат Қасенғали: "Bank of America-ның болжамы бойынша 2026 жылы әлемдік экономиканың қарқынды өсуіне ЖИ үлкен ықпал ететін болады.
 
Инвестиция да осы саладағы жобаларға көбірек салынады, яғни ЖИ бастамаларға қаржы құю артады. 
 
Тайталас негізінен АҚШ пен Қытай арасында өтеді деп болжануда. Еуропа да жылдың екінші жартысында бәсекеге қарқынды түрде қосылуы мүмкін. Сондай болжам жасауда.
 
Қазір жасанды интеллект әлемде бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып жатыр. АҚШ пен Қытай өзара жарысып, түрлі нұсқаларын ұсынып әлек, әлем оны игеріп үлгермей әлек. Технологияның даму қарқыны қатты.
 
Сарапшылар ойынша 2030 жылға қарай жасанды интеллект әлемдік ішкі жалпы өнімнің шамамен 10 пайызын қамтамасыз етеді, ал 2027 жылға қарай жаһандық ЖИ нарығының көлемі 400 миллиард доллардан асады дейді.
 
Болжам сондай. Мұндай жағдайда бізге де бұл процесстерден шетте қалуға болмайды. Оны бәрі түсініп отыр ғой.
 
Алдағы жылдың «ЖИ және цифрландыру жылы» деп жариялануы да соған байланысты. Президент жаңа жылмен құттықтауда осы туралы айта отырып, ЖИ арқылы экономиканы жаңа деңгейге көтеруге болатынын айтты.
 
Бірақ ЖИ деген көмекші құрал, цифрландыру болса экономиканы оңтайландыру мен әртараптандырудың бір құралы ғана. Ол толықтай экономиканы түзе алмайды. Экономика нақты өндіріс, логистикалық жобалар, зауыттар, жаңа кеніштер, сауда жолдарын әртараптандыру және басқа арқылы іске асады.
 
Мысалы 2025 жылы бізде 13 мың шақырым жол салынды және жөнделді. Міне, бұл экономикаға тікелей қатысы бар әрекет. Сол жолдар арқылы тауар тасу, шикізат пен зауыт арасындағы уақытты қысқарту іске асады.
 
Бұл жүк тасымалының артуына ықпал етеді. Ауыл-қала-шетел арасындағы байланыс тізбегі күшейеді. Экономикаға нақты үлес деген осы.
 
Былтыр дикандар 27 млн тоннадан астам астық жинаған. Бұл диқандардың үлкен еңбегі. Екінші жыл қатарынан рекорд жасады. Міне, осыны экономикаға қосқан нақты үлес десе болады. Олар өз еңбегімен ішкі нарықты азық-түлікпен қамтамасыз етті және азық-түлік қауіпсіздігін күшейтті, ал сыртқы нарықта экспорт көлемін арттырды.
 
Өткен жылда ірілі-ұсақты 33 зауыт іске қосылды дегенді кеше БАҚ жазды. 150 зауыт модернизацияланғанын да айтты. Міне, бұл нақты экономикаға үлес қосу. «Қазақстанда жасалған» деген тауардың санын арттыру.
 
Осындай әрекеттер экономиканың дамуына тікелей әсер етеді. Ал цифрландыру және ЖИ осы әрекеттерді жылдам іске асыруға, оңтайландыруға және дұрыс шешім қабылдауға ықпал етеді.
 
«ЖИ-ді экономиканың негізі болады» дейтіндер де бар. Бірақ біздің жағдайда ЖИ экономиканың негізіне айналмайтын сияқты, бар болғаны біздің экономикамыздың негізі саналатын салаларға жақсы көмекші болуы мүмкін. 
 
Солай болса да жаман болмас еді. Мысалы ауыл шаруашылығында төрт түлікті асылдандыру, бидай, күріштің жаңа сұрыптарын ойлап табу, мұнай-газ, тау-кен саласында барлау жұмыстарын іске асыру, логистикада көліктерді тексеру және жөнелтуді автоматты басқару, энергетика саласында тұтынушылар санына байланысты энергияны өлшеп бөлу, жол қауіпсіздігін реттеуде камералар мен дрондарды басқару және басқаны іске асыра алады. Қазір Жапония осы модельге көшуде.
 
Осындай жүйеге ақырындап ауысуға болады.
2026 жылға қатысты әр адамда, мемлекетте, қоғамда үміт көп, жоспар да жеткілікті деп ойлаймын. Соның бәрі оңынан орындалсын деген игі тілек бар"деп жазды өзінің парақшасында. 
Барлық жаңалықтар