Қостанай мен Сарандағы Allur, QazTehna және Agromash зауыттары Каспий теңізінде қаза тапқан әскерилердің әрбір отбасына 25 млн теңгеден қаржылай көмек береді. Машина жасау кәсіпорындарының бұл қолдауы туралы бүгін таралған ресми мәліметте айтылды, деп хабарлайды Democrat.kz.
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Андрей Лаврентьев қайғылы оқиға құрбандарының жақындарына ұжым атынан көңіл айтты. Ол әр отбасына 25 млн теңге көлемінде қаржылай көмек берілетінін нақтылады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елімізде аза тұту күнін жариялады. Халқымыз қашанда қиын-қыстау кезеңде бір-біріне сүйеу болып, қолдау көрсеткен. Осындай ауыр сәтте біз де әріптестерімізбен бірге қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына қол ұшын созуды азаматтық парызымыз деп санаймыз», – деді Андрей Лаврентьев.
Қайғылы оқиға 24 қыркүйекте Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде болды. Осы жағдайға байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев марқұмдардың туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтты.
Президенттің шешімімен 25 қыркүйек елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.