Шығыс Қазақстан облысында «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша мемлекеттен қаржылай қолдау алған мамандардың шарт талаптарын орындамағаны анықталды. Орындалмаған міндеттемелердің жалпы сомасы 10,6 млн теңгеге жеткен, деп жазады Democrat.kz.
Заңбұзушылықтарды Марқакөл ауданының прокуратурасы мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылуына жүргізілген талдау кезінде анықтаған.
Соның бірі – аудандық ауруханаға жұмысқа орналасқан медициналық колледж түлегіне қатысты.
2023 жылы Күршім ауданы әкімінің қаулысымен жас маманға «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында 5 млн теңге бюджеттік кредит берілген. Бұдан бөлек, оған 345 мың теңге көтерме жәрдемақы төленген.
Мемлекеттік қолдаудың шарты бойынша маман ауылдық елді мекенде кемінде үш жыл жұмыс істеуге міндетті болған. Алайда медицина қызметкері бұл талапты орындамаған.
Прокуратураның араласуынан кейін мемлекетке 2,95 млн теңге қайтарылды.
Ал қайтарылмаған қаражатты өндіріп алу мәселесі бақылауға алынған.
Прокуратура «Дипломмен – ауылға» бағдарламасына бөлінген бюджет қаржысының мақсатты әрі заңды жұмсалуын тексеру жұмыстары жалғасатынын мәлімдеді.