«Осылай болып қалды»: Ақтаудағы НИШ мұғаліміне қатысты тексеріс басталды

«Осылай болып қалды»: Ақтаудағы НИШ мұғаліміне қатысты тексеріс басталды

Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде мұғалімнің алкоголь ішкен күйде мектепке келгені туралы видео әлеуметтік желіде тарады. Оқу орны оқиғаға байланысты ішкі тексеріс бастағанын хабарлады, деп жазады Democrat.kz.

Әлеуметтік желіге тараған видеода оқушылар ер адамнан мектепке неге алкогольдік ішімдік ішкен күйде келгенін сұрайды.

Педагог алкоголь ішкенін жоққа шығармай, «осылай болып қалды» деп жауап беріп, оқушылардан кешірім сұрайды.

Жазба авторлары мұндай жағдай бұрын да болғанын, педагогтің оқушылармен дөрекі сөйлескен кездері болғанын мәлімдеген. Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.

Ақтаудағы НИШ директоры Ринат Жұмабаев мектепте ішкі тексеріс жүргізіліп жатқанын айтты.

Егер қызметкер тарапынан заңбұзушылық анықталса, Еңбек кодексіне сәйкес шара қолданылып, мәселе жұмыстан шығаруға дейін баруы мүмкін.

Оқиға Маңғыстау облысының білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің де бақылауына алынған.

Оқу-ағарту министрлігі Назарбаев Зияткерлік мектептері автономды білім беру ұйымы болғандықтан, оқу процесі мен ішкі бақылауға өзі жауап беретінін түсіндірді.

Сонымен қатар жарияланған деректер расталған жағдайда тек педагогтің әрекетіне ғана емес, оқушылардың қауіпсіздігіне жауап беретін ішкі бақылау жүйесі мен лауазымды тұлғалардың жұмысына да баға берілмек.

Тексерістің қорытындысы әзірге жарияланған жоқ.

Барлық жаңалықтар