Луврдың экспонаттары Қазақстанға әкелінуі мүмкін

Луврдың экспонаттары Қазақстанға әкелінуі мүмкін

Қазақстан мен Франция Лувр музейінің экспонаттарын Қазақстанда көрсету мүмкіндігін талқылады. Келіссөз Парижде өткен Қазақстан мәдениеті күндері аясында жүргізілді, деп жазады Democrat.kz.

Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев Францияға жұмыс сапары кезінде Лувр президенті Кристоф Лерибомен кездесті.

Кездесуде Лувр қорындағы экспонаттардың Қазақстандағы көрмесін ұйымдастыру және басқа да бірлескен музей жобаларын іске асыру мүмкіндігі қарастырылған.

Сонымен бірге Қазақстан мен Франция театр, музей және архив саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді жоспарлап отыр.

Мәдениет мамандары үшін тағылымдамалар, шеберлік сабақтары және екі ел өнер ұжымдарының гастрольдерін ұйымдастыру мәселесі де талқыланған.

Париждегі Қазақстан мәдениеті күндері аясында қазақ киносының күндері, екі елдің мәдени байланысына арналған дөңгелек үстел және өнер шеберлерінің гала-концерті өтті.

Алайда Лувр көрмесінің Қазақстанда өтетіні әлі түпкілікті шешілген жоқ.

Қазір тараптар мұндай көрмені ұйымдастыру мүмкіндігін талқылаған. Экспонаттардың тізімі, өтетін қала мен мерзімі жарияланған жоқ.

Барлық жаңалықтар