"Алматы Білім басқармасы, көздеріңді ашып, қараңдар!" деген Айман Сағидулла министрге үндеу жасады

"Алматы Білім басқармасы, көздеріңді ашып, қараңдар!" деген Айман Сағидулла министрге үндеу жасады
Танымал педагог, білікті ұстаз Айман Сағидулла Оқу ағарту министріне сұрау салып, хат жолдады деп жазады Democrat.kz.
 
Өз хатында Айман Сағидулла: "Жұлдыз Досбергенқызы Сүлейменова ханым!
Біздің мектеп 2002 жылы салынған. 1956 жылы салынған бөлігін бұзбай , алып қалған. "2002 жылы салынды ,"-деп құжат жасаған.
 
Мектеп екі бөліктен тұрады. Бірі 1956 жылы салынған, екіншісі 2002 жылы салынған.
2002 жылдың өзінде сапасыз салыныпты.
 
Ауылдың 4/1 (төрттен бір) бөлігінде ғана тұр бұл мектеп. 500 орындық. Төрттен үш бөлігі мектепсіз отыр. Балалары көрші Қырғауылды ауылына немесе қалаға барып оқиды.
 
Қырғауылдыға бала сыймай жатқан соң қайта-қайта мектеп салады. Қызық ,иә.
Бір мектептің жанына екінші мектепті салды . Бірінде бастауыш, екіншісінде жоғарғы сыныптар оқиды. Екеуі бір мектеп қазір.
 
Бірақ, сол сыймай жатқан балалар біздің Жаңатұрмыстан барып оқиды.
Бізге Жаңатұрмыс ауылына үлкен ,жақсы бір мектеп керек. Мына мектепті өнер мектебі жасайсыздар ма, ауруханаға бересіздер ме? Өздеріңіз қарайсыздар.
 
Жаңатұрмыс үлкейіп жатыр. Әлі де үйлер салынуда.
Мына мектеп сапасыз салынған.
Алматы облысы бақылау департаменті айтсын! Неге аттестация жібереді, егер мәселені ашық айтып , шешімін таппайтын болса.
Аттестациядан өтпеді мектеп.
Санитарлық мекеменің рұқсаты жоқ.
 
"Рұқсатын алып,қайта келіп өтіңіздер,"-депті. 
Директор мен завучтар жаңа мектеп салып бармаса, санитарлық құжатты қалай алады?
Неге аттестация бар, егер шындық жабылатын болса?
 
Мектептің төбесі тесік. Шатыры дұрыс емес.
Сондықтан әлгі құжат берілмейді.
Осы кезге дейін қалай аттестациядан өтіп келді? Балалардың денешынықтырудан киінетін бөлмесі жоқ.
Бұрынғы дәретханада ұлдар киінеді, қыздар сыныпта киінеді.
 
Сыныптарға камера қойғыштар не ойлап жүр?
"Камера қойған дұрыс,'-дейтіндер осындай мәселенің барын біле ме?
 
Денешынықтыру сабағында қыздар сыныпта киінеді . Білім бөлімінің басшысы да, әкімдер де біледі оны. Мен қолдарынан жетелеп көрсеттім бәріне.
4 жыл бұрын ұлдар сабағыма кешігіп келетін. "Денешықтырудан соң киінуге уақыт кетті,"- дейтін.
-Неге?-деген сұрақ келді басыма. Барып көрдім. Анау жерде киіну мүмкін емес.
Содан соң балаларға денешынықтыру киіммен сабағыма қатысуға рұқсат бердім.
 
Алматы облыстық Білім басқармасы!
Көздеріңді ашып қараңдар!
Пиза өткізіп ,кешке дейін тексеру жібергенше, біздің ауылға мектеп салыңыздар.
 
Бақылау департаменті! Аттестацияны өткізген соң, қай мектеп жарамсыз болса, сол мектеп туралы Білім Басқармаларына тапсырма бермейсіздер ме?
Директор мен завуч не істейді? Мектеп сала ма? Шатырын қайта жаба ма?
 
Неге жұмысты дұрыс істемейсіздер?
Санитарлық талаптарға сай деген құжатты неге ала алмай отыр? Соны неге анықтамайсыздар?
 
Жұлдыз ханым! Біздің балалар да адам.
Біздің мұғалімдер де адам. Біз де жақсы,заманға сай мектепте жұмыс істеп ,оқығымыз келеді.
Сіз араласыңызшы. Менің бұл мәселені көтергеніме 4 жылдан асты.
 
Алматы облысы әкіміне де жаздым. Қарасай Ауданының әкімі мектепке келді. Айттым.
Білім Бөлімі бастығы да біледі.
Сізден басқада үміт жоқ.
 
Бейнежазбаны қараңызшы. Балалар оқып отырған сыныптың төбесінен су тамшылап тұр.
Айтпақшы, бізде осындай тақталар.
 
Шыдамның да шегі бар. Шыдаудың да жөні бар.
Жаңа мектеп керек.
Жеке басының қамы демеңіздер. Бұл бір ауылдың халқының жағдайы"деп жазды. 
 
Барлық жаңалықтар