Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мұғалімдердің қағазбастылығы мен есеп беру жүктемесін сынға алғаннан кейін әлеуметтік желіде педагогтердің жанайқайы ақтарылды. Ұстаздар мектептегі бітпейтін есеп, толассыз тексеріс, электронды платформалар мен әкімшілік қысымнан қажығандарын айтып, нақты өзгеріс талап етті, деп жазады Democrat.kz.
Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі жазбасында мұғалімнің қағаз есебі азаюдың орнына көбейіп кеткенін айтып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстаздардың артық жүктемесін азайту жөніндегі талабына назар аударды.
«Мұғалімнің қағаз есебі көбейіп, тіпті оған электронды есеп пен түрлі платформалардың талабы да қосылды. Сонда сабаққа дайындалуға, демалуға уақыт қайдан қалады?» – деп жазды депутат.
Ол мұғалімді қысым мен дөрекіліктен қорғау қажеттігін атап өтіп, осы мәселелерді шешуге бағытталған заң жобасы дайындалғанын мәлімдеді.
Алайда депутаттың жазбасына пікір білдірген ұстаздар қағазбастылықтың шын мәнінде қаншалықты асқынып кеткенін ашық жеткізді.
«Асхат Аймағамбетов, бізге сабақ беруге мүмкіндік жоқ, видео түсір, ана есеп, мына есеп, жылдам, тез деп әбден мазамыз кетті. Соңғы жылда жұмыс қатты қиындап кетті. Асықпай отырып оқушының көзіне қарап сабақ беруді сағындым...» – деп жазды мұғалімдердің бірі.
Тағы бір педагог электронды есептің қағаз жұмысты алмастырмағанын, керісінше, екі еселенгенін айтты.
«Сізге дейін болған жүйе 2 еселеніп қайтып келді, электронды түрде де, қағаз түрінде де тапсыратын есеп көп, бітпейтін құжат, сабақ өтуге күш қалмады. 24/7 телефонға тыныштық жоқ. Өз балаларымызға уақыт бөле алмаймыз. Басқа мамандыққа ауысам ба деген ой келіп жүр», – деді ол.
Ал 35 жыл еңбек еткен ұстаз мәселенің ең ауыр тұсын қозғады.
«Мұғалімге түсетін қағазбастылық пен есептің көбейгені аздай, кейде басшылық тарапынан болатын дөрекілік пен кемсіту одан да ауыр тиеді. Осындай қысымнан кейін өзім де жұмыстан кетуге мәжбүр болдым», – деп жазды педагог.
Пікірлерде «Балажан», «Білім класс» платформалары, ҚМЖ-ны қайта-қайта қағазға шығару, БЖБ мен ТЖБ талдаулары, тоқтаусыз мониторинг, сынып жетекшілерінің есептері мен ата-аналарға қатысты қосымша міндеттер де сыналды.
«Қағазбастылық түк азайған жоқ, электронный толтыратын заттар қосылды қайта қасына», – деген пікір мұғалімдердің ортақ наразылығын аңғартады.
Тағы бір ұстаз жағдайды бір ауыз сөзбен түйіндеген:
«Соңғы бес жылда точно айтылып келе жатқан тақырып бұл қағазбастылықты азайту деген. Қайдам, тек сөз жүзінде ғана».
Бұған қоса, педагогтер сынып жетекшіліктің жүктемесін қайта қарауды, мектептерді компьютермен, принтермен, интернетпен толық қамтамасыз етуді, тексерістерді азайтуды және артық есептерді бір жүйеге біріктіруді талап етті.
Мұғалімнің негізгі міндеті – оқушыға білім беру. Бірақ әлеуметтік желідегі пікірлерден байқалғандай, бірқатар педагог өзін ұстаздан гөрі есеп беруші қызметкерге айналғандай сезінеді.
Ендеше, Оқу-ағарту министрлігі мен жергілікті білім басқармаларына қойылатын сұрақ қарапайым: мұғалімнің жұмысын жеңілдетуге бағытталған тапсырмалар неге мектепке жеткенде қосымша есеп пен жаңа міндетке айналады?
Ұстаздың уақытын босатпай, білім сапасын арттыру туралы айту қаншалықты қисынды?