«Бір қызметкер бүкіл мектепті қорқытып отыр!»: Ата-аналар дабыл қағып, үндеу жасады

«Бір қызметкер бүкіл мектепті қорқытып отыр!»: Ата-аналар дабыл қағып, үндеу жасады

Көкшетаудағы №10 мектептің ата-аналары білім ордасындағы жағдайға алаңдап, жауапты мекемелерден араласуды талап етуде. Олардың айтуынша, мектептегі бір қызметкердің әрекетінен ұстаздар мен оқушылар зардап шегіп, оқу процесі бұзылған. Ата-аналар бірнеше рет шағымданғанымен, мәселе әлі шешілмегенін мәлімдеді, деп жазады Democrat.kz.

Бұл туралы radiobarmashka Instagram парақшасы жариялады.

Жазбада Көкшетаудағы №10 мектептің ата-аналары бір жарым жылдан бері редакцияға хабарласып, білім ордасында қалыптасқан жағдайға шағымданып жүргені айтылған.

Олардың сөзінше, мектептегі бір қызметкердің әрекеті бүкіл ұжымға әсер етіп отыр. Ата-аналар педагогтерге қатысты шағымдар түсіп, сабақтар мен үйірме жұмыстарының тоқтатылатынын немесе бұзылатынын жеткізген.

«Бір қызметкер Көкшетаудағы №10 мектептің бүкіл ұжымын қорқынышта ұстап отыр!» – деп жазды ақпарат таратқан парақша.

Жарияланымда ата-аналардың білім бөліміне бірнеше рет жүгінгені, алайда жағдайдың өзгермегені айтылған.

Олардың мәліметінше, мектепте үйірмелер жұмысын тоқтатқан, директор қызметінен кеткен. Ал оқушылар мен олардың отбасылары арасындағы психологиялық ахуал әлі де шиеленісті күйде.

Мұндай жағдайдан қажыған ата-аналар тіпті балаларын мектепке жібермеуге дайын екендерін мәлімдеген.

«№10 мектепте шын мәнінде не болып жатыр? Неліктен ата-аналардың көптеген өтініші нәтиже бермеді? Қалыптасқан жағдайға қатысты білім бөлімі қандай ұстанымда?» – деген сауалдар көтерілген.

Мәселенің ең өзекті тұсы – ата-аналардың шағымдары ұзақ уақыт бойы қаралып келе жатса да, олардың айтуынша, нақты нәтиженің болмауы.

№10 мектептің Ақмола облысы Білім басқармасына қарасты мемлекеттік білім беру ұйымы екені ресми деректерде көрсетілген.

Осыған байланысты Ақмола облысының Білім басқармасы мен Оқу-ағарту министрлігіне бірнеше маңызды сұрақ туындайды.

Бір жарым жыл ішінде ата-аналардан қанша шағым түсті? Олардың негізінде қандай тексерулер жүргізілді? Мектеп директоры қандай себеппен қызметінен кетті? Үйірмелердің тоқтатылуы мен сабақтардың бұзылуына қатысты айтылған ақпарат рас па? Ата-аналар шағымданып отырған қызметкердің әрекетіне құқықтық және қызметтік баға берілді ме?

Егер жарияланған мәліметтер расталса, бұл бір қызметкерге қатысты дау ғана емес, тұтас білім беру ұйымындағы басқару мен бақылау жүйесінің мәселесі.

Ата-аналар енді құрғақ жауап емес, нақты шешім күтеді.

Әзірге жарияланған айыптаулардың барлығы тәуелсіз тексерумен расталған жоқ. Мектеп әкімшілігі мен білім басқармасының осы шағымға қатысты ресми ұстанымы анықталмады.

 

Барлық жаңалықтар