Жас мұғалімдерді кезекпен тамақ әкелуге жұмсайтын мектеп басшылары туралы жазба әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Жұрт мұндай әрекетті қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану деп бағалап, жас мамандардың құқығын қорғауды талап етті, деп жазады Democrat.kz.
Threads желісінде жарияланған жазбада жас мұғалімнің мектептегі оқу ісінің меңгерушісі тарапынан қысым көргені айтылған.
«Мұғалімдер, кеңестерің керек еді! Жас мамандарды оқу завучы кезекпен кафе жақтан тамақ әкелуге жұмсайды. Бүгін «енді сенің кезегің» деді. Осы қаншалықты дұрыс? Жиналыста айтайын ба, әлде үндемеген дұрыс па? Осындай жағдайға тап болғандар бар ма?» – деп жазды жас маман.
Жазба жұрттың ашуын туғызды. Көпшілік мұғалімнің міндетіне басшылыққа тамақ тасу кірмейтінін айтып, мұндай талапқа бағынбауға шақырды.
«Қызметін асыра пайдалану деп аталады», – деді пікір қалдырушылардың бірі.
Ал өзін он жылдан астам оқу ісінің меңгерушісі болған адам ретінде таныстырған желі қолданушысы:
«10 жылдан асты завуч болғаныма. Мұғалімдерге, сендер ешкімге ештеңе беруге міндетті емессіңдер. Жұмысыңды адал жаса, өз құқықтарыңды біл, болды деп айтам ғой. Не деген сұмдық завуч ол?» – деп жазды.
Тағы бір ұстаз жас кезінде осындай жағдайға тап болғанын айтып, жанайқайын жеткізді.
«Мен жас маман кезінде неге үндемей жүргенімді ойласам басым кетеді, гораноға қағазға жұмсау, жоқ бос емессің десең сені жүргізбейді мектепте, слайдтарын жасату, әрдеудің шығармаларын жазып сертификатын да алған, но и қыр соңымнан қалмай сабағыма кіре берген, елден бұрын сыныбыма келіп күтіп отыратын. Себебі гимназия мектеп, өлмейтін мектеп болған, бұл кісілердің де танысы баршылық еді е өтінішті білмедім ол кезде, ақыры мектептен кеттім. Ол кісі пенсияға кеткен.но травма қалды», – деп бөлісті ол.
Алайда пікір білдірушілердің бәрі бірдей жас маманның ұстанымын қолдаған жоқ.
«Бара бермейсіздер ма жассыздар ғой, солай солай завуч, директорларға жақын боласыздар. Уақыт келе сағат көтеріп аласыздар», – деген пікір де жазылды.
Бұл пікірдің өзі білім беру ұйымдарында басшылыққа жағу үшін жеке тапсырмаларын орындау қалыпты құбылысқа айналып кеткен жоқ па деген сұрақ туғызады.
Қазақстанның еңбек заңнамасына сәйкес, жұмыс беруші қызметкерден еңбек шартында көзделмеген жұмысты орындауды талап ете алмайды. Демек, мұғалімді басшының жеке қажетіне тамақ тасуға міндеттеу заңды еңбек міндеті саналмайды.
Ал егер мұндай тапсырмадан бас тартқан мұғалімге қысым көрсетілсе, жұмыс сағаты қысқартылса немесе кәсіби қызметіне кедергі жасалса, бұл тиісті органдардың тексеруіне негіз бола алады.
Әзірге жазбада нақты мектептің атауы көрсетілмеген, айтылған жағдай тәуелсіз дереккөздер арқылы расталмаған.
Дегенмен мәселенің өзегі айқын: жас мұғалім мектепке бала оқытуға келе ме, әлде басшылықтың жеке шаруасын атқаруға келе ме?
