Балалардың құқығын қорғау жөніндегі «Қазақстан балалары» депутаттық тобының жұмысы басталды

Балалардың құқығын қорғау жөніндегі «Қазақстан балалары» депутаттық тобының жұмысы басталды

Құрылтай депутаты, «Қазақстан балалары» депутаттық тобының жетекшісі Дана Медеуова Орталық Азия елдерінің бала құқықтары жөніндегі уәкілдерінің «Балалар үні: ұлттық стратегиялар және қауіпсіз цифрлық орта» атты ІІ халықаралық форумында сөз сөйледі деп хабарлайды Democrat. kz. 

Ол балаларды қорғау саласындағы өзекті мәселелерді шешуде парламентшілердің күш-жігерін біріктіруге бағытталған депутаттық топтың жұмысын бастағанын жариялады.

– Балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – Қазақстанның мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі. Бүгін Құрылтай жанындағы «Қазақстан балалары» депутаттық тобының жұмысын бастауы осы бағыттағы жұмысты жаңа деңгейде жалғастыруға мүмкіндік береді. Біздің мақсатымыз – балалардың құқықтарын қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, денсаулығы мен тұрмыс жағдайын жақсарту мәселелерін заң шығару қызметінде басты назарда ұстау, – деді Дана Медеуова.



Форум барысында балалардың цифрлық ортадағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, заманауи технологиялардың олардың дамуына ықпалы, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен қатар барлық баланың білім алуына тең мүмкіндік жасау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Құрылтай Төрағасының орынбасары Динара Закиеваның төрағалығымен өткен іс-шараға депутаттармен қатар Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, БҰҰ Бас хатшысының балаларға қатысты зорлық-зомбылық мәселелері жөніндегі арнайы өкілі, доктор Наджат Маалла Мджид, Орталық Азия елдері мен Финляндияның бала құқықтары жөніндегі уәкілдері, халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық корпус өкілдері қатысты.

Барлық жаңалықтар