"Болмаса АП-ға жазамын!" деген білікті ұстаз білім саласындағы кереғар дүниелерге шүйлікті

"Болмаса АП-ға жазамын!" деген білікті ұстаз білім саласындағы кереғар дүниелерге шүйлікті

Белгілі педагог Сұлтан Сүлеев Президенттің бір жарым сағаттық жолдауына қатысты пікір білдіріп, елдің экономикалық дамуы, әлеуметтік теңсіздік, мұғалімдердің жағдайы мен мектеп басшыларының жауапкершілігі туралы өткір мәселелер көтерді, деп жазады Democrat.kz.

«Бір жарым сағаттық жолдауды көріп тастадық», – деп бастады Сұлтан Сүлеев әлеуметтік желідегі жазбасын.

Педагог алдымен елдегі экономикалық өсім туралы айтылған мәліметтерге күмән келтіріп, қарапайым халықтың тұрмысына назар аударған.

«Еліміздің дамуы қарқынды жүріп жатыр екен. Бұл дегенің қазіргі аумалы-төкпелі заманда сирек құбылыс дейді. Мхм, деп қойдым. Баға мынау, инфляция анау. Жәрдемақыны қысқартамыз деп елді бір шулатып қойды. Халықты Үндістандағыдай кастаға бөліп тастап. А, В тобындағылар енді тас та жәрдем алмайды», – деп жазды ол.

Сүлеев әлеуметтік көмектің әділ бөлінуіне қатысты өз жағдайын мысалға келтіріп, мұндай саясаттың қисындылығына күмән келтірген.

Сонымен қатар ол елдің жалпы ішкі өнімі 400 миллиард долларға жеткені, алтын қорының құны 130 миллиард доллар екені туралы айтылған мәліметтерге тоқталып, экономикалық көрсеткіштердің өсуі халықтың нақты тұрмысынан көрінуі керектігін меңзеген.

Педагогтың ең өткір сыны білім саласына бағытталды.

«Педагогтің жұмысы туралы айтып кетті. Қағаз азайыпты. Бірақ электронды түрде ананы істей сал, мынаны істей сал деген тапсырмалар көбейіп кетті. Шынында қазір сондай ерундалар көп. Қағаз тапсырманың бәрі цифрландыруға көшіп кеткендей», – дейді ол.

Сұлтан Сүлеев мектептердегі мұғалім мен ата-ана арасындағы жанжал кезінде басшылық көбіне педагогты қорғамайтынын да сөз еткен.

«Мұғалім ата-ана, оқушымен конфликт болып қалса, директоры аналар жаққа болысады дейді. Себебі ата-ана жоғарыға барамын деп көкбеттенеді. Жоғары жақ директорды қысады. Кім ыңғайлы басып тастауға? Әрине, қол астындағы мұғалім оңай», – деп жазды педагог.

Оның пікірінше, кейбір мектеп директорларының қызметте ұзақ отыруы мен басқару тәсілдері де қайта қарауды қажет етеді.

Жазба соңында Сұлтан Сүлеев ең төменгі жалақыны 100 мың теңгеге жеткізу туралы мәлімдемеге тоқталды.

«Ең төменгі жалақыны 100 мыңға көтереміз дейді. Елдер 110 мың деп шулап жатыр. ЖҮЗ мың. Дұрыстап тыңдаңдар», – деді ол.

Айта кетейік, Қазақстанда 2026 жылға бекітілген ең төменгі жалақы 85 мың теңгені құрайды. Ал Сүлеевтің жазбасындағы 100 мың теңге туралы сөз – оның жолдаудан түйген мәліметі.

Педагог әлеуметтік желідегі сынымен ғана шектелмей, Алматы облысының әкімдігіне жолдаған хатының жауабын күтіп отырғанын да мәлімдеді.

«30 қазанда Алматы обл әкіміне жазған хатыма жауап келу керек. Ол хатқа жауап процедура бойынша 15 қазанда келу керек еді. Қол тимей жатыр, тағы 15 күн күте тұрасыз ба деген соң, көніп едім. Енді көреміз. Екі күн қалыпты. Болмаса АП-ға жазамын. Жазу қиын емес», – деді ол.

Бұл хат Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы Азат ауылында орналасқан, 1923 жылы салынған ескі мектептің жағдайына қатысты.

Бұған дейін педагог аталған мектептің 140 оқушыға есептелген ғимаратында 400-ден астам бала оқитынын, қыста сыныптардың температурасы +9 градусқа дейін төмендейтінін айтып, жаңа мектеп салуды талап еткен болатын.

«Сол 103 жылдық мектеп туралы ғой. Мектептің бір фрагментін салмасам тыныш ұйықтай алмайтын болыппын», – деп жазған Сұлтан Сүлеев ескі мектептің ішінен сурет жариялады.

Осылайша педагогтың жазбасы биліктің экономикалық жетістіктер туралы есебі мен білім беру саласындағы нақты жағдайдың қаншалықты сәйкес келетінін қайта ой елегінен өткізуге шақырады.

Барлық жаңалықтар