"Ата-аналар сабақ өткен": Белсенді ұстаз министрге маңызды сұрау жолдады

"Ата-аналар сабақ өткен": Белсенді ұстаз министрге маңызды сұрау жолдады

Алматы мектептерінің бірінде мұғалімдердің орнына ата-аналар сабақ бергені туралы мәлімет әлеуметтік желіде дау туғызды. Бұл мәселені көтерген танымал белсенді ұстаз Айман Сағидулла ата-ананың білім сапасын бақылауға жауапты департаментке жүгінгенімен, оның шағымы қалалық Білім басқармасына жолданғанын айтады. Белсенді ұстаз мұндай шешіммен келіспей, департаменттің құзыреті мен мектеп әкімшілігінің жауапкершілігіне қатысты өткір сұрақтар қойды. Ал пікір білдірушілер арасында ата-аналардың сабақ беруін құптағандар да табылды, деп жазады Democrat.kz.

Алматы қаласындағы мектептердің бірінде мұғалімдердің орнына ата-аналардың сабақ бергені туралы ақпарат Facebook желісінде қызу талқыланып жатыр.

Бұл мәселені көтерген Айман Сағидулла білім саласындағы жауапты мекемелердің әрекетіне наразылық білдірген.

Ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында:

«Алматы қаласындағы бір мықты мектепте ата-аналар сабақ өтеді екен.

Жұлдыз Досбергенқызы Сүлейменованы белгілеп, алдағы уақытта толық мәлімет жазамын.

Алматы қаласы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы маған :"Қойшы Айман" деді. 
Былтыр бәрін қойып едім, Гулнара ханымның мына сөзінен соң қайта бастайын деп отырмын», – деп жазған.

«Шағымды басқа мекемеге жолдап жіберген»

Жарияланым астында Алматы қаласының Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысы Гүлнара Ермекбаеваның түсініктемесі жарияланған.

Оның хабарлауынша, департаментке келіп түскен арызда білім беру ұйымдары басшыларының әрекеттеріне қатысты мәселелер көтерілген.

«Аталған мәселелерді қарау Алматы қаласының Білім басқармасының құзыретіне жатады, себебі білім беру ұйымдарының басшыларына қатысты жұмыс берушінің функцияларын жүзеге асыратын уәкілетті орган – Алматы қаласының Білім басқармасы болып табылады», – деп жазған ол.

Департамент басшысы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің 65-бабына сәйкес, арызда көтерілген мәселелер Алматы қаласының Білім басқармасына жолданғанын түсіндірген.

Сондай-ақ қалалық басқармаға тиісті мектептердің қызметіне қатысты мән-жайларды зерделеу, комиссия құру және заңнамаға сәйкес тексеру жүргізу тапсырылғанын мәлімдеген.

Алайда бұл жауап шағымданушыны қанағаттандырмаған.

Айман Сағидулла:

«түскен арызды қарауға міндеттісіз.

Бұл арызда жазылғанның бәрі Бақылау департаментінің құзіретіне кіреді», – деп жауап берген.

Мектептегі сабақты ата-ана өткізе ала ма?

Жарияланымның негізгі мәселесі — мектепте сабақ өткізуге ата-аналардың тартылуы.

Қазақстанда жалпы білім беретін мектептегі оқу процесін тиісті біліктілігі бар педагогтер ұйымдастыруға тиіс.

Ата-ананың белгілі бір мамандық иесі болуы немесе педагогикалық дипломының болуы оның мектептегі штаттық мұғалімнің міндетін ешқандай рәсімдеусіз атқара алатынын білдірмейді.

Білім беру ұйымында сабақ өткізудің құқықтық негізі, педагогтің біліктілігі, еңбек қатынастары және оқу процесін ұйымдастыру тәртібі ескерілуге тиіс.

Сонымен бірге ата-ананың мектептегі ашық сабаққа қатысуы, кәсіби тәжірибесімен бөлісуі немесе арнайы іс-шараға шақырылуы мен негізгі пән бойынша мұғалімді алмастыруы — екі бөлек жағдай.

Сондықтан бұл оқиғада ең алдымен ата-аналардың нақты қандай сабақ өткізгенін, оларға кім рұқсат бергенін және мұғалімнің орнына қандай негізде кіргенін анықтау қажет.

«Мұғалім ата-ана ма екен?»

Жарияланым астындағы пікірлер де екіге бөлінген.

Бір оқырман:

«Мұғалім ата-ана ма екен? Қызық жағдай екен?! Мұғалім жетпей жатса бірсәрі», – деп жазған.

Тағы бірі:

«Барлық ата ана бір сабақтан берсін демейтін шығар», – деген пікір білдірген.

Ал басқа оқырман:

«Егер мамандығы мұғалім болса, неге өтпеске? Арнайы пәндерден мамандар өтсе,мысалы,әдебиеттен жазушы немесе ақын,биологиядан биолог ғалымдар т.б.», – деп жазған.

Бұл пікірге жауап ретінде жазба авторы:

«сонда сабақты ата-анаға тапсырып қала берсек бола ма?», – деп сұраған.

Тағы бір оқырман:

«заңды ашып, бір қараңызшы. Онда мұғалім жатсын үйінде, ата-ана кезектесіп сабақ өтсін)», – деп жазған.

Пікірталастан байқалғандай, бір топ азамат ата-ананың сабаққа қатысуын пайдалы тәжірибе алмасу деп қабылдаса, енді бірі мұндай әрекет педагогтің кәсіби міндетін алмастырмауға тиіс екенін алға тартады.

Бұл жерде шешуші мәселе ата-ананың білімді немесе білімсіз болуында емес.

Негізгі сұрақ — мектеп әкімшілігі оқу процесін заңда белгіленген тәртіппен ұйымдастырды ма? Білім сапасын бақылауға тиіс департамент шағымды неге өздері қарамаған? 

Аты айтып тұрғанындай, бұл жерде "балаға берілуге тиіс білім сапасына" қатысты мәселе көтеріліп отырған жоқ па?

 
Барлық жаңалықтар