«Бүкіл сыныптың қолтығын иіскетті»: Мұғалімдердің оғаш әрекеттері әлеуметтік желіні шулатты

«Бүкіл сыныптың қолтығын иіскетті»: Мұғалімдердің оғаш әрекеттері әлеуметтік желіні шулатты

Әлеуметтік желіде бұрынғы оқушы, қазіргі ересек азаматтардың мектеп кезіндегі мұғалімдердің оғаш әрекеттері туралы жазбасы қызу талқыланып жатыр. Бір оқырман ұстазының бүкіл сыныптың қолтығын иіскеп шыққанын айтса, енді бірі оқушыны барлығының көзінше қорлағанын еске алған. Пікірлер арасында мұғалімдердің балаларды көпшілік алдында ұялтуы, басынан ұруы және қорқытып тәрбиелеуі туралы естеліктер де бар. Кейбірі осы оқиғаларды әлі күнге дейін ұмыта алмайтынын жеткізген, деп жазады Democrat.kz.

Threads әлеуметтік желісінде мектептегі мұғалімдердің әрекеттеріне қатысты жарияланған жазба көпшіліктің назарын аударды.

Жазба авторы бастауыш сыныпта оқып жүргенде болған бір оқиғаны баяндаған.

Оның айтуынша, бір күні сыныптағы оқушылардың бірі жағымсыз иіс шығарған. Мұғалім оның кім екенін анықтау үшін оқушыларға күтпеген әрекет жасаған.

«... әңгіме болсын

Бастауыш оқығанда бір "сорлы" апай болатын бізде. 3-4 сынып оқимыз, сыныпта біреу жел шығарып қойған, бір бала айқайлай салды апай сасып жатыр деп. Ана кісі қайсын дегенде ешкім мойындамай, шкафынан "освежитель воздуха" алып әрбіріміздің жамбасымыз жаққа сепкен. Травма ғой», – деп жазған автор.

Бұл естелік желі қолданушылары арасында қызу пікірталас туғызды.

Бірі оқиғаға әзілмен қараса, енді бірі мұндай әрекеттің балаға қаншалықты ауыр тиетінін айтқан.

«Бүкіл сыныптың қолтығын иіскеп шықты»

Пікір білдірген оқырмандардың бірі жетінші сыныпта болған жағдайды еске алған.

Оның айтуынша, мұғалім сыныптан жағымсыз иіс шыққан соң қыздар мен ұлдарды бөлек жинап, әрқайсысының қолтығын тексерген.

«Бізде бастауыш емес табақтай 7сыныпта ғой кабинетте қолтықтың иісі саситын. Еще иіс менің подругамнан шығатын оны мен айтуға ұялатынмын. Бір күні мұғалім қыздар мен ұлдарды жеке жинап алып барлығының қолтығын иіскеп шыққан. Саситын менің құрбым болып шықты. Барлық қыздың көзінше қолтығыңды жуып жүр деді», – деп жазған ол.

Оқырман бұл оқиғадан кейін құрбысының қатты ұялғанын жеткізген.

«Тақтаның теміріне басын соққан»

Тағы бір желі қолданушысы бастауыш сыныпта оқыған кезінде болған оқиғаны баяндаған.

Оның сөзінше, үшінші сыныпта оқушы қыз үй тапсырмасын орындамай келгені үшін мұғалімнің ашуына ұшыраған.

«бастауыш кластағы мұғалімдер реально анандай бола ма бір бәле

3 класс оқып жүргенде бір қыз түсінік жаттамай келген сосын жылап қалды, апай оған айғайлап артқа қаратты да анау қыздың басын ұстап тақтаның темірі бар ғой ашылып жабылатын сол жеріне тарс етіп ұрды сосын ол қыз сыртқа шығып кетті жылап,ол нәрсесі үшін кешірімде сұрамады», – деп жазған куәгер.

Бұл — әлеуметтік желідегі жеке естелік. Оның қашан және қай мектепте болғаны белгісіз, сондай-ақ оқиға тәуелсіз түрде расталмаған.

Дегенмен мұндай сипаттағы әрекеттер баланың қауіпсіздігіне тікелей қатысты.

Мұғалімнің оқушыға физикалық күш қолдануы ешқандай тәрбиелік мақсатпен ақталмайды.

«Мұғалімнен қорыққаннан сөйлей алмайтынбыз»

Пікірлер арасында мектептегі қорқыныш пен психологиялық қысым туралы естеліктер де кездеседі.

Бір оқырман бұрынғы мұғалімінің қаталдығын былай сипаттаған:

«Сеееміз бір орыс апай бар еді. Әлі күнге дірілдеймін соны көрсем ше до того травма, қорыққаннан оқып келген нәрсенді де айта алмайсың, бізге тілінді тісте деп иектің астынан бір ұратын ...ка, еще шыбықпен саусақты сабайтын, жүзігі тағы бар», – деп жазған ол.

Оқырманның айтуынша, мұғалімнің қаталдығы соншалық, балалар қорыққанынан жаттап келген сабағын да айта алмай қалған.

«Мерси шоколады 15 теңгеден сататын»

Кейбір пікірлер мұғалімдердің сабақтан тыс әрекеттеріне қатысты болды.

Оқырмандардың бірі бастауыш сыныптағы мұғалімінің оқушыларға шоколад сатқанын еске алған.

«Айтсам ұят, танып қояды ма екен (ладно пофиг) Бастауыш класта апайымыз бізге переменада мерси шоколад сататын 15тг ден», – деп жазған ол.

Бұл естелік әзіл аралас баяндалғанымен, мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынастың кәсіби шекарасы туралы ойлануға негіз болады.

«Қазір балалар ондайды көрмейді»

Жарияланым астындағы тағы бір пікірде мұндай әрекеттердің бұрын қалыпты қабылданғаны меңзелген.

Оқырман баланы жазалау үшін сызғышпен саусақтан ұру, қатал ескерту жасау және сыныптастарының алдында ұялту сияқты жағдайларды еске алған.

Ал жазба авторы жауап ретінде:

«Қазіргі балалар ондайды көрмейді енді иә», – деп жазған.

Бұл сөздер бүгінгі оқушылардың құқықтары мен қауіпсіздігіне қатысты қоғамдық көзқарастың өзгергенін аңғартады.

Бұрын кейбір мектептерде қаталдық тәрбиенің бір бөлігі ретінде қабылданған болуы мүмкін. Бірақ мұндай әрекеттердің бұрын кездесуі олардың дұрыс болғанын білдірмейді.

 
Барлық жаңалықтар