Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Құрылтай сайлауын Қазақстан тарихындағы жаңа кезеңнің бастауы деп атады. Ал әзербайжандық саясаттанушы Фархад Мамедовтің пікірінше, Құрылтайдың шынайы бағасы оның атауымен немесе құрылымымен емес, алдағы жұмысының нәтижесімен өлшенеді, деп жазады Democrat.kz.
21 тамызда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеу жасап, 23 тамызда өтетін жаңа бірпалаталы Құрылтайдың алғашқы сайлауын тарихи оқиға деп атады.
Президент сайлауалды науқанды мазмұнды, ашық және бәсекелі өтті деп бағалап, жастардың, кәсіпкерлердің және кәсіби қауымдастықтардың саяси пікірталасқа белсенді араласқанын ерекше атап өтті.
Осы үндеуге байланысты Әзербайжанның белгілі саясаттанушысы Фархад Мамедов Қазақстандағы саяси реформаларға баға берді.
Мамедов – Оңтүстік Кавказды зерттеу орталығының директоры. Бұған дейін Әзербайжан президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер орталығын басқарған.
Оның пікірінше, Құрылтай сайлауын соңғы конституциялық реформалардың ұйымдастырушылық кезеңін аяқтайтын қадам ретінде қарастыруға болады.
Бірақ маңызды жұмыс енді басталады.
Саясаттанушының айтуынша, Қазақстан үшін алдағы уақытта екі мәселе шешуші болады.
Біріншісі – бірпалаталы Құрылтай мен Үкімет арасындағы жаңа қарым-қатынас қалай қалыптасады?
Екіншісі – бір палата бұрын екі палата атқарған заң шығару және бақылау қызметін қаншалықты сапалы орындай алады?
«Құрылтайдың қызметіне баға ең алдымен оның нақты нәтижесіне және қоғам мүддесін қаншалықты сапалы білдіре алатынына байланысты болады», – деген мазмұнда пікір білдірді Мамедов.