Баян Алагөзова экс-күйеуіне деген сезімі туралы бар шындығын айтты

Баян Алагөзова экс-күйеуіне деген сезімі туралы бар шындығын айтты

Астанада өтетін концерті қарсаңында продюсер Баян Алагөзова Аман Тасығанға сұхбат беріп, өткен өміріндегі ауыр кезеңдерді еске алды. Ол бұрынғы күйеуі Бақытбек Есентаевты соңғы рет қашан көргенін, оған деген сезімінің қалай өзгергенін және ұзақ уақыт бойы ішкі өкпе-назбен күрескенін айтты, деп жазады Democrat.kz.

Баян Алагөзованың айтуынша, ол Бақытбек Есентаевты соңғы рет ортақ құдаларының біріне арналған ас кезінде көрген. 

Продюсер бұрынғы күйеуімен бетпе-бет сөйлеспеген. Тек алыстан көзі шалған.

«Оны көрген кезде ештеңе сезбедім. Мен адамды жібере де, кешіре де аламын. Енді қайтып келмейтін өткенді өзгертуге тырысудың мағынасы жоқ», – деді Баян Алагөзова.

Ол басынан өткен ауыр оқиғадан кейінгі алғашқы бес жылдың өте қиын болғанын да жасырмады.

Баянның сөзінше, сол кезеңде бірнеше рет ота жасатқан. Операциялардан кейін есін жиған сәттерінде бұрынғы күйеуіне деген ашу-ыза қайта оянып отырған.

«Оянған кезде ішімде өте қатты ашу болатын. Оған деген ызам да болды», – деп еске алды ол.

Алайда уақыт өте келе продюсер болған жағдайды кері қайтару мүмкін емес екенін түсінгенін айтады. Оның сөзінше, үнемі өткенді өзгертуге немесе «түзетуге» ұмтыла берудің мағынасы жоқ екенін қабылдағаннан кейін ішкі қарсылығы да біртіндеп басылған.

Сұхбат барысында әңгіме Баянның бұрын бірге жұмыс істеген өнер адамдарына да ауысты.

Мөлдірге қатысты продюсердің жауабы нақты болды. Ол онымен қайтадан бірге жұмыс істеуге ниеті жоқ екенін айтты.

Ал Балжан Бидаш туралы Баян нақты жауап бермеген.

Сондықтан әлеуметтік желі қолданушылары Балжан Бидаштың Астанада өтетін Баян Алагөзованың концертіне қатысуы мүмкін деген болжам айта бастады. Әзірге оның концертке шығатыны ресми түрде расталған жоқ.

Баян Алагөзова да бұл мәселеге қатысты интриганы толық ашпай, Балжанның қатысу-қатыспауын концерттің өзіне дейін құпия қалдырғандай әсер қалдырды.

Барлық жаңалықтар