Әлеуметтік желі қолданушысы 2-сыныпқа арналған «Әдебиеттік оқу» оқулығындағы бір үзіндіні жариялап, оның мазмұнына таңданысын білдірді. Жазба көп ұзамай пікірталасқа ұласып, бір тарап мәтінді бастауыш сынып оқушысына түсініксіз деп сынаса, енді бірі үзіндінің жалпы шығармадан жұлып алынғанын айтып, асығыс қорытынды жасамауға шақырды, деп жазады Democrat.kz.
Желі қолданушысы «Арман-PV» баспасының 2-сыныпқа арналған оқулығындағы шығарманың бір бөлігін суретке түсіріп жариялаған.
«Мен шоктамын. Балаларға мектепте не үйретіп жатыр? Оқулық осылай басталса, соңында не болатынын елестете алмаймын», – деп жазған ол.
Жарияланған үзіндіде баланың ренжіп, төсектің жанында еденде ұйықтап қалғаны баяндалады. Кейін оны Жанна есімді әпкесі оятып, жылы сөздер айтып, құшақтайды. Бала да оны құшақтап, екеуі бірге жылайды. Үзінді «Мен бақытты едім» деген сөйлеммен аяқталады.
Алайда пікір жазғандардың бір бөлігі әлеуметтік желіде көрсетілген бірнеше жолды ғана оқып, бүкіл шығармаға баға беруге болмайтынын ескертті.
«Мәтінді толық оқып шығыңыз. Сонда бәрі түсінікті болады», – деген пікір қалдырған қолданушылардың бірі оқиғаның алдындағы жағдайды да түсіндірген.
Оның айтуынша, шығармада бала үйден сіріңке алып шығып, достарымен бірге мамықты өртейді. Әкесі бұл әрекеті үшін баласын ұрысады. Ренжіген бала бөлмесіне кіріп, жылап отырып еденде ұйықтап қалады. Ал әлеуметтік желіге тараған үзінді – оқиғаның содан кейінгі жалғасы.
Тағы бір қолданушы бұл шығарманың «Атамұра» баспасының оқулығында да болғанын жазды. Ал өзге пікір иелері кей мектептерде «Атамұра» оқулықтарының басқа баспалардың кітаптарымен ауыстырылып жатқанын сөз еткен.
Осылайша, бірнеше сөйлемнен тұратын үзінді желіде үлкен дау тудырғанымен, пікірлерді оқығанда шығарманың негізгі мазмұны отбасы ішіндегі жанжалдан кейінгі баланың күйзелісі мен жақындарының оны жұбатуын суреттейтіні байқалады.
Сонымен бірге бұл жағдай әлеуметтік желіде оқулық мәтіндерін контекстен бөліп жариялаудың қаншалықты тез пікірталас туғызатынын тағы көрсетті. Бір ғана үзінді кей оқырманға тосын көрінсе, мәтінді толық оқығандар шығарма мазмұны мүлде басқа мағына беретінін айтып отыр.
