Threads желісіндегі samal.zhm есімді қолданушы жазушы әрі ағартушы Санжар Керімбайдың кітаптары мен оның айналасында қалыптасқан насихатқа қатысты бірнеше сыни жазба жариялады. Автор қазақ қоғамында белгілі тұлғаларды шектен тыс дәріптеу, кітапты жарнамалау мен ұлттық құндылық ұғымын коммерциямен араластыру мәселесін көтерген, деп жазады Democrat.kz.
Жазба авторының негізгі сыны Санжар Керімбайдың өзіне ғана емес, оның кітаптарын насихаттайтын аудиторияға бағытталған.
Ол Қазақстанда балаларға арналған кітап іздеген кезде Санжар Керімбай отбасының хрестоматиясы жиі ұсынылатынын сынға алады. Автордың пікірінше, екі-үш жастағы балаға мәтіні көп, суреті аз көлемді кітаптан гөрі жас ерекшелігіне сай бояуы қанық, суреті мол, қатырма беттері бар шағын кітаптар тиімді.
«Екі-үш жасар бала осындай суретсіз, тез жыртылатын кітапқа қарауы мүмкін емес», – деп жазады ол.
Автордың тағы бір жазбасында мәселе кеңірек қойылған. Оның сөзінше, қазақ қоғамында тек блогерлердің немесе белгілі бір авторлардың кітаптары жаппай насихатталатын болса, өзге жазушылар мен ғалымдардың еңбегі тасада қалуы мүмкін.
Ол:
«Бұл қазақта тек блогер мен Санжардың кітабы насихатпен сатылса, қалған атақты жазушы, ғалымдар тасада қалса, қазақ әдебиеті мен тарихы, мәдениеті дами ма, жоқ тек Санжардың отбасы дами ма?» – деген сауал тастайды.
Threads қолданушысы қазіргі қоғамдағы тұлғаларды шектен тыс идеалдандыруды өткен ғасырдың 1990–2000 жылдарындағы емші, тәуіп, «әулие», экстрасенстердің танымалдығымен салыстырған.
Оның пайымынша, қоғам бір тұлғаны ерекше қасиет иесі ретінде қабылдауға бейім болып кетсе, сын көзбен қарау әлсірейді. Осы тұста ол кезінде теледидар арқылы кең танылған Анатолий Кашпировскийді мысалға келтіреді.
Автор мұндай құбылысты «пұт жасау» деп бағалап, бүгінгі күні де қоғамға түрлі идеяларды абсолют шындық ретінде ұсынатын тұлғалар пайда болып жатқанын жазады.
Тағы бір жазбасында samal.zhm белгілі авторлар немесе баспалар үлкен аудиториясын пайдаланып, өзінің әрекетін «халыққа пайдалы іс», «тұлғаны таныту» деген ұранмен ақтауы мүмкін екенін алға тартады.
Осы мәселеге байланысты жазбада біреудің еңбегін рұқсатсыз коммерциялық мақсатта пайдалану мен ағартушылық қызметтің ара-жігін ажырату қажеттігі сөз болған.
Сонымен қатар автор Шәкәрім мұрасының кей тұстарын белгілі бір идеологияға бейімдеп түсіндіруге де қарсы пікір білдіреді.
«Шәкәрімнің өлеңдерін сектаға идеология қылған адамнан не сұрайсың, бейшара Шәкәрім бабамызда тіл жоқ қой, олай емес жазғаным деп айтатын», – дейді ол.
Бірнеше сағат ішінде бір тақырыпқа қайта-қайта оралған автордың жазбаларынан негізгі үш мәселені аңғаруға болады: белгілі тұлғаны шамадан тыс дәріптеу, әдеби өнімді агрессивті насихаттау және ұлттық құндылықтарды коммерциялық құралға айналдыру қаупі.
Сонымен қатар жазба авторы төмендегідей сұмдық деректерді алға тартып, Санжар Керімбайды жауапқа тартуды да айтты.Бұл мәселеге қатысты Санжар Керімбай әзірге ресми жауап бермеді.



