Мектеп бітіру кештері ресми түрде қарапайым форматта өтуі тиіс деп айтылғанымен, кей өңірлерде түлектердің соңғы кеші шағын тойдан кем түспейтін деңгейге жетті деп жазады Democrat.kz.
Әлеуметтік желілерде жарияланған видеолар мен ата-аналардың әңгімелеріне қарағанда, кей мектептерде бір түлекке жұмсалатын шығын 300-500 мың теңгеге дейін барған.
Ең алдымен киім мәселесі тұр. Қыз балалардың кешкі көйлегі, аяқ киімі, макияжы мен шаш үлгісіне ғана 150-300 мың теңге кетеді. Кейбірі арнайы дизайнерлік көйлек тіктіріп, шығынды одан әрі арттырған.
Одан кейін фото және видео қызметі қосылады. Көптеген сыныптар кәсіби мобилографтар мен фотографтарды жалдап, бірнеше күндік түсірілім ұйымдастырған. Мұндай қызметтің құны кей жағдайда 500 мың теңгеден асып кеткен.
Мейрамхана шығыны да аз емес. Ірі қалалардағы сәнді мейрамханаларда өткізілген кештердің бағасы бірнеше миллион теңгеге жеткен. Бұған жүргізушілер, безендіру, фотозона, шоу-бағдарлама және арнайы қонақтардың қызметі қосылады.
Кей мектептерде ата-аналар сынып болып 8-10 миллион теңге көлемінде қаражат жинағаны туралы ақпараттар әлеуметтік желілерде қызу талқылануда. Мұндай сомаға кей өңірлерде бір бөлмелі пәтердің алғашқы жарнасын төлеуге болады.
Ал қарапайым отбасылар үшін мұндай шығын ауыр салмаққа айналып отыр. Кей ата-аналар несие алуға немесе қарыз сұрауға мәжбүр болғанын жасырмайды.
Дегенмен түлектер мен олардың ата-аналарының пікірі екіге бөлінеді. Бірі мектеппен қоштасу өмірде бір-ақ рет болатын ерекше сәт десе, енді бірі бірнеше сағаттық кеш үшін жүздеген мың теңге жұмсауды орынсыз ысырап санайды.
Сіз қалай ойлайсыз? Мектеп бітіру кешіне жүздеген мың теңге жұмсау дұрыс па, әлде бұл артық шығын ба?
Дайындаған: Ұлжан БАҚЫТҚЫЗЫ.