"Бармақ шайнап, өкіндім" деген Ринат Зайытов мәлімдеме жасады

"Бармақ шайнап, өкіндім" деген Ринат Зайытов мәлімдеме жасады

Мәжіліс депутаты болған айтыскер ақын Ринат Зайытов өзін сайлаған жұртшылыққа арнап, жазба жариялап, депутат болып жүргенде атқарған шаруаларын тізбектеп, мәлімдеме  жасады деп жазады Democrat.kz.

Өзінің әлеуметтік желідегіпарақшасында Ринат Зайытов: "Қадірлі ағайын,
Осымен өздеріңіздің қолдауларыңызбен үш жыл бұрын парламент мәжілісінде бастаған жұмысым мәресіне жетті. Әу бастан мандатқа ұмтылғанымның екі себебі болды:

Біріншісі- 2019 шы жылы көпшіліктің алдында елдің мүддесін жан салып қорғауға уәде еткенім. 
Екіншісі- мүмкіндігі бар жерден халықтың пайдасына жарайтын қызмет атқарғым келгені.
Шүкір. Екі бірдей тілегім де орындалады ( толықтай демесем де).
Мәжілісте жүрген үш жылдың бір күнін де жеке пайдама немесе қалтамның қамы үшін жұмсамағанымды көздеріңізге тік қарап, мақтанышпен айта аламын. Қандай жиналыс, қай отырыс болмасын халықтың мүддесін саудаға салған жоқпын. Депутат болуыма тікелей қолдау көрсеткен AMANAT партиясы мен төраға Ерлан Жақанұлы Қошановтың демеуінің арқасында ауыз толтырып айта алатындай жұмыс жасадым.

Мәдениет қызметкерлерінің жалақысын көбейту, Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесін мемлекетке қайтару, Семейдегі саяжай мәселесі, онлайн алаяқтық құрбандарын қорғау, заңсыз шығарылған активтерді қайтару туралы заң, мәдениет пен спорт, денсаулық пен білім, ғылым мен әлеуметтік осал топтарды қолдау саласы, МӘМС, су тасқынынан зардап шеккен аймақтарды қалпына келтіру, мемлекеттік тілдің ақпарат саласындағы үлесін ұлғайту, шетелдіктерге сурогат ана қызметін алуға тыйым салу т.с.с үш жылда болған пайдалы өзгерістердің барлығында менің үлесім бары анық.

Оны мақтанышпен айта аламын. Иә, кейде қалаған мақсатқа қол жеткізе алмай “бармақ шайнаған” кездерім де аз болған жоқ. Ол-өзіммен мүдделес адамдардың аздығынан деп түсінерсіздер.

Себебі мәжіліс-жеке батырлық жасайтын жер емес. Атқарған жұмыстарым жайлы толық, ашық ақпарды алдағы уақытта кеңінен жариялаймын, бұйырса.
Бүгін үш жылдық жұмысты қысқаша қорытындылай келе әуелі халыққа, содан соң мәжіліс басшылығы мен әріптестеріме алғыс айтқым келеді. Несін жасырайын, алғаш келген кездерімде терең суға тастай салған баладай абдырағаным да болды. Бұрын-соңды мүлдем маңайламаған салада бірден жұмыс істеп кету кімге оңай болсын?. Сол алғашқы кезеңдерде ағалық ақылымен, әпкелік жанашырлығымен, достық көңілімен әріптестік қамқорлық көрсеткен жандар табылғанына ризалығым шексіз. Үш жылдық жұмыс маған үлкен тәжірбие болды. Еш өкпем де, өкінішім де жоқ",- деп мәлімдеді. 

 

Барлық жаңалықтар