Бейімбет Майлиннің әйелі көрген азаптар: Тарихи естелік жазба жұрттың жүрегін ауыртты

Бейімбет Майлиннің әйелі көрген азаптар: Тарихи естелік жазба жұрттың жүрегін ауыртты

Танымал журналист Қаракөз Смәділдің өз парақшасында Алаш ардақтысы Бейімбет Майлиннің асыл жары туралы жариялаған тарихи  естелігі қызу талқыға түсті деп жазады Democrat.kz.

Журналистің жазуынша: "Гүлжамал Майлина жарынан, бала-шағасынан айрылып, Алжир тұтқынына айналған шақта 37 жаста екен. Тұтқындардан: " Кім қой бағады?" деп сұраған кезде " Əйтеуір қой баға алармын" деген Гүлжамал апай бес жүз қойды алдына салып, шашау шығармайды.

Лагердегі азапты төрт жыл өте шығады. Бір күні, қаңтардың сақылдаған сары аязында Гүлжамал апайдың отырынан елу қой жоқ болып шығады. Лагерь бастығы қаһарына мінеді.

Үш күн ішінде елу қой отарға қосылмаса, тағы да сегіз жыл жаза мерзімі қосылатынын ескертеді. Жазамның жарты мерзімін өтеп біттім деген Гүлжамал апай тағы сегіз жыл тұтқын болмауы үшін елу қойды қалай да табу керегін түсінеді.

Сүйектен өткен суыққа қарамастан жаяу-жалпы дала кезіп кетеді. Алайда елу қой табыла қоймайды. Екінші күні кештетіп бір ауылдың шетіне іліккен апамыз ең шеткі үйге кіреді.

Келе сала босағаға отыра қалып солқылдап жылап қоя береді.Төрт жыл бойы шеккен азап, шемен боп қатқан шер ақтарылады. Мəн-жайға қаныққан ауыл адамдары Гүлжамал апайға көмектесуге уəде береді.

Ер-азаматтар жиналып қой іздеуге шығады. Тіпті, сол елу қой табылмаса да, əр үй екі-үш қойынан берсе де, елу қой шығарамыз деп жұбатады.

Іздеуге кеткендер құр қайтпай, қойды тауып берген деседі. Жүйе қатігездік танытқан ол аяулы жандарға қарапайым адамдардың кісілік көзімен қарай алғаны тұтқындардың бойындағы үміттің сөнбеуіне себеп болған шығар".

Естелікті оқыған журналистің оқырмандары өткен тарихтағы ақтаңдақтарға қынжылыс білдіріп, азаппен күнін өткізген ардақтыларды еске алуда. 

Барлық жаңалықтар