Белсенді педагог Сұлтан Сүлеев педагогтердің айлығын айлық есептік көрсеткішке байлауды ұсынып, жазба жариялады деп хабарлайды Democrat.kz.
Сұлтан Сүлеевтің ойынша, АЕК инфляция деңгейін ескере отырып өзгеретіндіктен, мұғалімдердің табысы да ақшаның құнсыздануына қарай автоматты түрде индекстеліп отырар еді.
«Соңғы жалақы өсімі 2023 жылы болды. Содан бері инфляция айтарлықтай өсті. Демек, мұғалімдердің жалақысы да сол көлемде құнсызданды», — деп жазды ол.
Педагогтің көтерген мәселелері білім саласындағы реформалардың көптігінен гөрі, олардың жүйесіздігі қауіпті екенін көрсетеді. Бір оқу жылы аяқталмай жатып ереже өзгеріп, мұғалімдер жаңа талапқа бейімделіп үлгермей жатып келесі тәртіп енгізіледі.
Аталмыш мәселеге қатысты басқа педагогтардың пікірі де "БЖБ мен ТЖБ-ның тағдыры, оқу жоспарларының тұрақтылығы, аттестаттаудың жаңа ережесі, оқулықтардың уақытында жеткізілуі және педагог жалақысын индекстеу мәселесі бойынша жауапты мекемелер қоғамға нақты әрі бірізді түсініктеме беруге тиіс. Өйткені эксперименттің салмағын шенеунік емес, ең алдымен мұғалім мен оқушы көтереді" дегенге саяды.
Алайда әзірге Оқу ағарту министрлігі бұл аталған мәселелерге қатысты ресми мәлімдеме жасамады.