"Бізді еститін құлақ бар ма?": ХХІ ғасырдың ұстазы Ұлт ұстазы А.Байтұрсыновқа мұңын шақты

"Бізді еститін құлақ бар ма?": ХХІ ғасырдың ұстазы Ұлт ұстазы А.Байтұрсыновқа мұңын шақты

Танымал белсенді ұстаз, білікті педагог Гүлжазира Ысқақова қазіргі мұғалімдердің жағдайын айтып, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновқа жазған хаты әлеуметтік желіде қызу қолдау тапты деп жазады Democrat.kz.

Өз жазбасында Гүлжазира Ысқақова: "Ардақты Ахаң! Сізге араға бір ғасыр салып, ХХІ ғасырдың қазақ мұғалімі хат жазып отыр.
 
Сіз кезінде қазақ баласы өз тілінде сауат ашсын деп әліпби жасадыңыз. Оқитын кітабы жоқ кезде оқулық жаздыңыз. Қазақ тілінің ғылымға айналар жолын аштыңыз. Ұстазға бағыт, ұлтқа бағдар бердіңіз.
 
Бүгін біздің мектебіміз басқа.
Тақта - интерактивті.
Күнделік - электронды.
Кітаптың қасында - планшет.
Ал мұғалімнің жанында - жасанды интеллект.
 
Бірақ, Аха, технология өзгергенімен, мұғалімнің кейбір сұрағы әлі өзгермепті.
Сіз Халық ағарту комиссары болғанда:
«Қазақ баласын қалай оқытамыз?» деп ойладыңыз.
Біз кейде:
«Кезекті өзгерісті қалай орындап үлгереміз?» деп ойлаймыз.
Сіз мұғалімнің қолына әліпби мен оқулық бердіңіз.
 
 Біз кейде жаңа оқу жылын жаңа талаптың нақты қалай орындалатынын толық түсініп үлгермей қарсы аламыз. Жаңа пән келеді. Жаңа курс келеді. Жаңа бағдарлама келеді. Жаңа платформа келеді. Жаңа есеп келеді. Ал мектептегі баяғы екі адам орнында: мұғалім мен бала. Аха, Сізден сұрағым келеді: Реформа деген не? Пәннің атауын өзгерту ме? Жаңа құжат қабылдау ма? Мұғалімге тағы бір міндет қосу ма? Әлде реформа дегеніміз мұғалімнің жақсы сабақ беруіне жағдай жасап, баланың жақсы білім алуына мүмкіндік беру ме?
 
Сіз бүгін арамызда болсаңыз, жасанды интеллектіні жатсынбас едіңіз деп ойлаймын. Өйткені Сіз өз дәуіріңіздегі ең үлкен жаңашылдардың бірі болдыңыз.
 
Бірақ ЖИ-ді мектепке кіргізбес бұрын:
«Ол баланы ойландыра ма, әлде баланың орнына ойлана ма?»
деп сұрар ма едіңіз?
 
 Мұғалімге жаңа міндет берер алдында:
«Оған уақыт бердіңдер ме? Құрал бердіңдер ме? Үйреттіңдер ме?»
дер ме едіңіз?
 
Ал кезекті білім реформасын көргенде:
«Мұның балаға пайдасы қандай?»
деген бір-ақ сұрақ қояр ма едіңіз?
 
Аха!
Бізде мүмкіндік көп.
Бір батырманы бассақ — әлемнің кітапханасы алдымызда.
Бір сұрақ қойсақ — жасанды интеллект жауап береді.
Бір сілтемемен — мыңдаған ақпаратқа жетеміз.
 
 Бірақ Сіздің заманыңызда тапшы болған ақпарат бүгін тым көп.
Сондықтан ХХІ ғасыр мұғалімінің міндеті баланың басын ақпаратқа толтыру емес, ақпараттың арасынан ақиқатты табуға үйрету болып барады.
Сіз бізге «Оқу құралы» қалдырдыңыз. Ал біз балаларымызға ойлау құралын қалдыра аламыз ба? Сіз ұлтты ояту үшін «Маса» болып ызыңдадыңыз.
Бүгін бізді кім оятады, Аха? Мұғалімді кім тыңдайды?
Білім туралы шешім қабылданғанда сыныпта күн сайын балаға қарап тұрған ұстаздың даусы қаншалықты естіледі?
 
Сізден қалған бір аманат бар:
мектептің жүрегінде – бала,
баланың жанында – мұғалім,
ал екеуінің үстінде – ұлттық мүдде тұруы керек.
Біз осы үшеуін жоғалтып алмасақ екен.
 
Аха!
Сізден бізге жаңа әліпби керек емес.
Жаңа оқулықты да өзіміз жаза аламыз.
Жасанды интеллект те көмектеседі.
Бірақ бізге Сіздің ұстанымыңыз керек.
 
Білім мәселесінде ұлттың мүддесін бәрінен биік қоятын принципшілдік керек.
Мұғалімді орындаушы емес, ойлайтын тұлға деп қабылдайтын көзқарас керек.
Реформаны жоғарыдан жарияламай тұрып, оның мектептегі бір балаға қалай әсер ететінін ойлайтын жауапкершілік керек.
 
Бір ғасыр бұрын Сіз:
«Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін» дедіңіз.
Аха, біз де бүгінгі есеп үшін емес, ертеңгі қазақ баласы үшін жұмыс істегіміз келеді. Тек сол ертеңге апарар жолда мұғалімнің даусы естілсе екен...
Құрметпен,
ХХІ ғасырдың қазақ мұғалімі", - деп жазды

Білікті ұстаздың бұл жазбасын әріптестері қызу қолдап "дөп жазылған" десуде. 

Барлық жаңалықтар