"Ботофермасын кім қаржыландырады?": Оқу ағарту министрін жақтап, мақтап, әспеттеп, дәріптеп жатқан кімдер?

"Ботофермасын кім қаржыландырады?": Оқу ағарту министрін жақтап, мақтап, әспеттеп, дәріптеп жатқан кімдер?

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға қатысты сыни жарияланымдардың астында мазмұны бір-біріне өте ұқсас қолдау пікірлерінің жаппай пайда болуы әлеуметтік желі қолданушыларының назарын аударды. Кейбір қолданушылар мұны «ботоферма» жұмысына теңеп, министрді сынаған жазбаларға ұйымдасқан түрде жауап беріліп жатқан болуы мүмкін деген күдік білдірді, деп жазады Democrat.kz.

Жұлдыз Сүлейменова 2025 жылғы 29 қыркүйектен бері Оқу-ағарту министрі қызметін атқарады, ал 2026 жылғы 3 қыркүйекте Мемлекет басшысының Жарлығымен осы лауазымға қайта тағайындалған.

Әлеуметтік желілерде соңғы уақытта министр туралы сыни жазбалар жарияланған кезде олардың астында Сүлейменованы мақтайтын, бір-біріне мазмұны жағынан өте жақын пікірлердің көбейетіні сөз бола бастаған.

Скриншоттарда түрлі аккаунттардан:

«Жұлдыз Досбергенқызы қағазға қарамай, сауатты сөйлейтін білімді министр»,

«Оның басшылық қызметінде ұстазға тән жауапкершілік пен парасат бар»,

«Сөзі анық, ойы нық, ұстанымы берік»,

деген сарында жазылған пікірлер кездеседі.

Бір қарағанда әртүрлі адамдар жазғандай көрінетін комментарийлердің сөз қолданысы мен құрылымындағы ұқсастық әлеуметтік желі қолданушыларының күдігін туғызған.

Сәбит Рысбаев есімді қолданушы:

«Жұлдыз Сүлейменова ханымға тиісіңдер. Қолдаушылары өте көп дейін десем, бәрі бір комментті айналдырып ұрып жатыр ғой», – деп жазған.

Басқа қолданушылар да бұл құбылысты әжуалап:

«Коммент бір адамның қолынан шыққан сияқты ғой»,

«Ботоферма деген осы болды ғой»,

«Не пәле, “копировать – вставить” ете берген бе?»,

деген пікірлер қалдырған.

Тағы бір қолданушы «Білім саласына реформа жүргізіп жатқан тұлғалар» деп жазып, ұқсас сипаттағы көптеген аккаунттардың скриншотын жариялаған.

Пікірталаста «Сол боттарды кім қаржыландырады?» деген сұрақ та қойылған.

Сонымен қатар кейбір қолданушылар министрдің әлеуметтік желідегі парақшасында кез келген адамның пікір қалдыра алмайтынын айтып, Сүлейменованы сынаған жазбаларға келген жаппай қолдау комментарийлеріне күмән білдірген.

Алайда әлеуметтік желідегі ұқсас пікірлердің нақты бір орталықтан ұйымдастырылғанын немесе олардың артында арнайы «ботоферма» тұрғанын дәлелдейтін ресми дерек әзірге жарияланған жоқ. Скриншоттар мен қолданушылардың жазбалары тек әлеуметтік желіде осындай күдік пен пікірталас бар екенін көрсетеді.

Оқу-ағарту министрлігінің ресми ресурстарында Жұлдыз Сүлейменова ведомство басшысы ретінде көрсетілген, бірақ әлеуметтік желідегі аталған пікірлердің кімдер тарапынан және қандай жолмен жарияланғаны туралы ресми түсініктеме табылмады.

Барлық жаңалықтар