Әлеуметтік желіде Қазақстанның тұңғыш президентінің үлкен қызы Дариға Назарбаевамен байланыстырылатын Лондондағы қымбат зәулім үйдің жаңа суреттері тарады. Бірнеше жылдан бері сатылымда тұрған элиталық жылжымайтын мүлікке әлі күнге дейін сатып алушы табылмаған, деп жазады Democrat.kz. сайты dalanews.kz-ке сілтеме жасап.
Зәулім үй Лондонның беделді аудандарының бірі – Денвуд-роуд көшесінде, Highgate гольф-клубының маңында орналасқан. Ол алғаш рет 2022 жылдың наурыз айында, Қазақстандағы Қаңтар оқиғасынан кейін көп ұзамай сатылымға шығарылған. Бастапқыда нысанның құны 11,8 миллион доллар деп бағаланса, қазір оның бағасы 10,5 миллион долларға дейін төмендеген.
Жалпы аумағы шамамен 765 шаршы метрді құрайтын үйде жеті жатын бөлме, алты жуынатын бөлме, бірнеше қонақ бөлмесі, бассейн, бильярд залы және қысқы бақ қарастырылған.
Жарияланған фотосуреттерде сәнді интерьермен қатар қазақы нақыштағы бұйымдар да көзге түседі. Қымбат жиһаздардың арасында қазақы кілемдер мен көрпелердің болуы әлеуметтік желі қолданушыларының қызу талқысына себеп болды.
Бұл жылжымайтын мүліктің Дариға Назарбаевамен байланыстырылатыны 2020 жылы белгілі болған. Сол кезде Ұлыбританияның Ұлттық қылмысқа қарсы агенттігі аталған үйді және тағы екі жылжымайтын мүлік нысанын бұғаттап, оларды сатып алуға жұмсалған қаражаттың заңды шығу тегін түсіндіруді талап еткен.
Кейін Лондон соты мүлікке қойылған шектеуді алып тастады. Назарбаеваның өкілдері жылжымайтын мүлік заңды табысқа, соның ішінде «Қант» компаниясының акцияларын сатудан түскен қаражат есебінен сатып алынғанын мәлімдеген. Сот ұсынылған дәлелдерді қарастырып, мүлікті бұғаттауды жалғастыруға жеткілікті негіз жоқ деген шешім шығарған.