Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи үрмее жатқан Айгерім Тілеужанмен түрмеде арнайы кездесіп, сөйлесіп қайтты де жазады Democrat.kz.
"УДО" ҚАЖЕТ ЕМЕС,
жазамды жеңілдетуді
ЕШҚАШАН СҰРАМАЙМЫН -
дейді өзіне кесілген үкімді мойындамауы себепті "от звонка, до звонка" абақтыда отыруға бел буған "Қаңтар қызы" Айгерім Тілеужан.
Жауғашты колониясына барып, Айгеріммен кездестім.
Кездесу бөлмесіне жайраңдап кіріп келді. Зона тәртібімен басына орап алған ақшаңқан орамалы да өзіне жарасып тұр. "Жүзі жарқын, маңдайы ашық, көңіл-күйі жақсы".
Соңғы сөйлемді тырнақшаның ішіне алған себебім - дәл осы мазмұнда "Азаттықтың" сауалына жауап беріп едім. Әдетте сыртынан үскірік үрлеп, "ішіне қан қатып" жүретін қазақ өре тұрыпты: "түрмеде жатқан адамның жүзі неге жарқын болады, ол несіне жетісіп жүр?" дегендей далбаса дабырамен.
Сондағылары - мені мұқатпақ болып, сасық саясаттың желін ебдейсіз үрлеген түрлері. (Ішінде "қызғаныштың қызыл иті өліп жатқан" қызылкөз қазақ қылқынып қалса да қыңқ етпесімді білмейді-ау, сірә! Бекер әурешілік! 30 жылға жуық қоғамдық қызметтің қанжар жүзінде жүріп, қазақтың да, басқаның да тамырын әбден басып болғамыз! Билік пен қоғам арасындағы қарым-қатынастың жаңаша жолын күйттеп жүрген мені өзіне қас қылғаннан іштар қазақ береке таппаса керек).
Құдай-ау, Айгерімнің абақтыға қамалғанына екі жылдан асты, сол екі жылдың әр күнінде ол тұлан тұтып, қайғы-шер жұтып жүруі керек пе еді? Бәлкім, ол менімен кездесуге келгенде, жайдары жүзімен ішіндегі дүлей дауылды жасыруға тырысқан шығар... Бір басына кесілген жазасын жайбырақат өтеп шығудан басқа амалы тапшы адамды саяси топастықпен оттың ортасына екі айдап салатындай не болды соншалықты?! Айгерім өзінің пешенесіне жазылған тағдырдың кермек дәмін татып жүр, енді қапасқа қамалған қыздың атымен саясаттың отын көсеудің қажеті қанша еді?!
Қош, сонымен Айгерім не деді, мен қандай сұрақтарды қаужадым? Шынында да әппақ болған ашаң жүзіне қарап: "Әдеміленіп кеткен сияқтысың...." десем, ақжарқын күміс күлкісіне көміліп: "Зона маған жаққан шығар..." деп, жайдары жауап қатты.
"Зечкаларға" (өз сөзі) ортақ үлгідегі үстіндегі формалық халатын да өзінің бойына ықшамдап, қынама белдемшелеп, қайтадан піштіріп-тіктіріп алыпты. Тал бойына жарасып тұр. "Мұнда тігіншілер мен тігіншіліктің неше түрлі профи-маманы бар, кез келген бренд киімді айнытпай тігіп береді" дейді Айгерім.
Зона режиміне, түрмедегі тұрмысқа, колония әкімшілігімен арадағы қарым-қатынасқа қандай шағымың бар деп сұрағанымда, Айгерім аманат қылған бір ізгілікті бастама болды. Жауғашты колониясында ағылшын тілі курсын ашып, "қыздарға тіл үйретсем" дейді. /"Английский я уже знаю..." дейтін "Джентельмены удачи" фильміндегі "Косой"-Крамаров еске түсті.
Айгерімнің бұл бастамасын мекеме әкімшілігі да қолдап отыр екен (енді маған КУИС жүйесі мен Ағарту министрлігІнің басшылығымен сөйлесу ғана қалды). Жақсы идея, тек оны жүзеге асыру үшін мекеме ішінен шағын ғана арнайы орын керек.
Айгерімнің басқадай ала-бөтен шағымы жоқ екен. Іргесі 1938 жылы қаланған, негізгі барактары 50-жылдары салынған түрмені толық күреп тастамасаң, әбден тозығы жеткен колонияның кем-кетігін түгендеп болу мүмкін емес. Мұндағы алды 70-тен асқан әйелдердің жуық маңда орындалса деген "ұлы арманы" - қыстың аязында аңырап тұратын сырттағы әжетхананың қатарына салынып жатқан жылытылған "нужниктің" құрылысын тезірек бітіру. Мекеме әкімшілігі бюджеттен бөлінуі тиіс қаржыны күте-күте, ақыры оны ішкі үнемнің есебінен өздері салып жатыр екен: "Күзге дейін бітіреміз!" деп отыр.
"УДО-ға өтініш жазбаймын, маған нақақ кесілген жазаны жеңілдетуді сұрамаймын! Себебі - мен үкімді мойындамаймын, заң алдында да, адам алдында да айыбым жоқ! Мен тек толық ақталуға ғана келісем!" дейді "Қаңтардың қызы".
Бұған не алып-қосарсың?! Мінез!
Қайсарлық! Қайтпастық! Қазақ мұны тағы да "қырсықтық" дейді)).
Айгерімнің өз таңдауы! Мұны да құрметтейміз!" деп жазды Ермұрат Бапи өзінің парақшасында.