Журналист Гүлнәр Бажкеноваға қатысты сот процесі алғашқы күннен-ақ қоғам назарын аударды. Сот ғимаратының алдында БАҚ өкілдеріне сөйлеген ол өзіне тағылған бірқатар айыптарға қатысты пікір білдіріп, қаржы айналымы мен салық төлеуге байланысты деректерді ашық айтқан деп жазады Democrat.kz.
Іс материалдарында Бажкенованың компания қаржысын жеке қажетіне пайдаланғаны, нақты табысты жасырып, салықтан жалтарғаны туралы деректер келтірілген.
Айыптау тарабының мәліметінше, компаниядан ай сайын 10 миллионнан 20 миллион теңгеге дейін қаражат түрлі есепшоттарға шығарылып отырған. Тергеу барысында журналистің жеке сейфінен 40 миллион теңге қолма-қол ақша тәркіленгені де айтылды.
Сонымен қатар іс материалдарында оның баласының элиталық мектептегі оқу ақысына компания бюджетінен 4 миллион теңге жұмсалғаны көрсетілген. Бұдан бөлек, пәтерлерді сатып алу және сату кезінде келісімшарттағы баға төмендетіліп көрсетілген деген күдік бар. Тергеу нұсқасы бойынша, мұндай әрекет салық көлемін азайту үшін жасалған болуы мүмкін.
Гүлнәр Бажкенова жарты жылдан астам уақыттан бері үйқамақта отыр. Ол кейбір қаржылық шешімдерді компания басшысы ретінде өзі қабылдағанын айтқан.
Қазір оған салықтан жалтару, компания қаражатын жымқыру және жалған ақпарат таратуға қатысты айыптар тағылып отыр. Істе 88 миллион теңгеге жуық қаржының талан-таражға түскені айтылған.
Сот процесі енді басталды. Сондықтан бұл деректердің барлығына соңғы құқықтық бағаны сот береді.