13-20 шілде аралығында талапкерлерден грант конкурсына қатысу үшін өтініш қабылданады, деп хабарлайды Democrat.kz.
Құжаттарды жоғары оқу орындарындағы қабылдау орталықтары арқылы офлайн (виртуалды қабылдау комиссиялары арқылы онлайн) немесе eGov арқылы онлайн тапсыруға болады.
Грант конкурсына қатысу үшін талапкерлер жеке куәлік, ҰБТ сертификатын, 3х4 көлеміндегі фото, орта білім туралы аттестат (техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының түлектері үшін диплом) тапсыруы керек. Сондай-ақ, бар болған жағдайда жеңілдетілген санат бойынша конкурсқа қатысу үшін растайтын құжаттар ұсынылады.
Білім беру гранты конкурсына қатысу және ақылы негізде оқуға түсу үшін ҰБТ нәтижелері бойынша мынадай шекті балдар белгіленген:
- "Педагогикалық ғылымдар" және "Құқық" бағыттары бойынша – кемінде 75 балл;
- "Денсаулық сақтау" бағыты бойынша – кемінде 70 балл;
- "Ауыл шаруашылығы және биоресурстар" мен "Ветеринария" бағыттары бойынша – кемінде 50 балл;
- ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін – кемінде 65 балл;
- басқа жоғары оқу орындарына түсу үшін – кемінде 50 балл.
Білім беру гранты иегерлерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияланады.