Қазақстанда «Дипломмен – ауылға» бағдарламасына IT мамандары мен архив қызметкерлері қосылды. Ауылға жұмысқа барған мамандарға 432,5 мың теңге көтерме ақы және баспанаға 10,8 млн теңгеге дейін жеңілдетілген несие қарастырылған, деп жазады Democrat.kz.
Ұлттық экономика министрлігі мемлекеттік қолдау алатын мамандар тізімін кеңейтті.
29 қыркүйектегі бұйрыққа сәйкес, енді бағдарламаға архив саласының қызметкерлері мен цифрлық технология мамандары да қатыса алады.
Бағдарлама бойынша ауылдық елді мекенге жұмыс істеуге барған маманға 100 АЕК көлемінде біржолғы көтерме жәрдемақы беріледі. 2026 жылғы есеппен бұл 432 500 теңге.
Бұдан бөлек, баспана сатып алу немесе салу үшін 2 500 АЕК-ке дейін, яғни шамамен 10,8 млн теңге бюджеттік несие алуға болады.
Қарыздың сыйақы мөлшерлемесі жылына 1% деңгейінде, мерзімі 15 жылға дейін.
Бағдарлама ауылдық жерлерде кадр тапшылығын азайтуға бағытталған.