Алматы облысындағы мектептердің бірінде оқыған 17 жастағы Ясмина есімді қыздың қайғылы қазасына байланысты әлеуметтік желіде тараған жазба жұртты алаңдатты. Марқұмның отбасы қызына мектепте психологиялық қысым көрсетілгенін айтып, істің толық әрі әділ тергелуін талап етіп отыр, деп жазады Democrat.kz.
Желіде жарияланған мәліметке сәйкес, Ясмина Көкқайнар ауылындағы «Менің мектебім» гимназиясының 11-сыныбында оқыған. Ол биыл мектеп бітіріп, бітіру кешіне қатысуы керек болған.
Отбасының айтуынша, қайғылы жағдайға дейін қызға мұғалім тарапынан қысым жасалған. Бұған Ясминаның өзінен жасы үлкен Ернат есімді жігітпен араласуы себеп болғаны айтылады. Жазбада мұғалімнің бұл қарым-қатынасқа қарсылық білдіргені және қыздың ата-анасын мектепке шақырғаны баяндалады.
Туыстарының нұсқасы бойынша, сол күні ата-анасы жұмыста болғандықтан, Ясмина мектепке жалғыз барған. Отбасы мұғалім қыздан Ернатпен бұдан былай араласпайтыны туралы қолхат жазуды талап еткенін алға тартады.
Осыдан кейін 17 жастағы қыз үйіне келіп, өзіне қол жұмсағаны жазылған. Ата-анасына қалдырған хатында:
«Мама, папа, мен сіздерді жақсы көремін. Менің басқа амалым болмады», – деген сөздер болғаны айтылады.
Марқұмның отбасы оқиғаға төрт ай өтсе де, тергеуден нақты нәтиже көрмегенін мәлімдеген. Олар істі жан-жақты тексеруді, мектеп қызметкерлерінің әрекеттеріне құқықтық баға беруді талап етіп отыр.
Желі қолданушылары да бұл жағдайға бейжай қалмай, жауапты органдарды істі бақылауға алуға шақырған. Кейбір ата-аналар аталған мектепке қатысты өздерінің де сын-пікірлерін жазып қалдырды.
Айта кету керек, әлеуметтік желідегі жазбада айтылған айыптаулар – марқұмның отбасы мен туыстарының нұсқасы. Мұғалімнің кінәсі немесе басқа тұлғалардың жауапкершілігі тек ресми тергеу мен сот қорытындысы арқылы анықталуға тиіс.