Kazakhmys Smelting өндіріс көлемін арттырып, металлургиялық қуатты жаңғыртып жатыр

Kazakhmys Smelting өндіріс көлемін арттырып, металлургиялық қуатты жаңғыртып жатыр

Kazakhmys Smelting өндіріс көлемін арттырып, металлургиялық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды democrat.kz.

2025 жылдың қорытындысында компанияның металлургиялық дивизионы негізгі өндірістік көрсеткіштердің тұрақты өсімін көрсетті. Тазартылмаған мыс өндірісі 13%-ға ұлғайса, күкірт қышқылын шығару көлемі 11%-ға артты. Бұл соңғы он жылдағы ең жоғары нәтиже болып саналады. Сонымен қатар, шихта өңдеу көрсеткіші тарихи максимумға жетті.

Мұндай нәтижелерге технологиялық үдерістерді тұрақтандыру, жоспарлы жөндеу жұмыстары және өндірістік қуатты кеңейту шараларының арқасында қол жеткізілді. 2026 жылы компания шикізат жеткізілімі тұрақты болған жағдайда өндіріс көлемін одан әрі көбейтуді көздеп отыр.

Өндірістің ұлғаюымен қатар металлургиялық қуатты жаңарту және кәсіпорындарды экологиялық талаптарға сәйкестендіру жұмыстары жалғасуда.

Маңызды жобалардың бірі – Жезқазған мыс балқыту зауытында жаңа күкірт қышқылы кешенін салу. Бұл кешен іске қосылғаннан кейін қалдық газдарды кәдеге жарату деңгейі айтарлықтай артып, күкірт диоксиді шығарындылары 90%-ға дейін қысқарады. Сондай-ақ экологиялық стандарттарға толық сәйкестік қамтамасыз етіледі.

Жалпы алғанда, Kazakhmys Smelting дамуы өндірістік өсім, техникалық жаңғырту және экологиялық жүктемені кезең-кезеңімен азайту сияқты үш негізгі бағытқа сүйенеді. Металлургиялық қуатты жаңарту өндірістің тиімділігін арттырып, оның экологиялық тұрақтылығын күшейтуге бағытталған. Компания ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ету үшін жаңғырту жобаларына басымдық беріп келеді.

Барлық жаңалықтар