Әнші Жазира Байырбекова жүрегін тербеткен оқиғамен бөлісіп, жазба жариялады деп жазады Democrat.kz.
"Жаңатасқа барған сапарым мені еріксіз балалық шағыма қайта апарғандай болды…
Кішкентай күнімде мектепке барар жолда орыс әжей тұратын. Үйінің терезесі жолға жақын,әрі менің бойыммен бірдей.Күн сайын мектепке бара жатып, сол терезенің қасынан өткенде міндетті түрде қолымды бұлғап, «сәлем» деп амандасатынмын.
Әжей де жылы жымиып, қолын бұлғап жауап беретін. Уақыт өте келе біз сөзсіз түсінетін, мейірімге толы ерекше байланыс орнатқандай болдық.
Бір күні әдеттегідей мектепке асығып бара жатып, сол әжені көрмедім. Терезесіне қарап, айналасын шолып, іздей бастадым… бірақ ол ЖОҚ еді. Күндер өтіп жатты, мен әлі де соны уайымдап жүрдім.
Кейін бір күні қарасам- әлгі үйді трактормен бұзып жатыр. Сол сәтте көзіме еріксіз жас келіп, жүрегім ауырды.Үйдегілерге айтуға ұялдым.
Сол күннен бері ол әжейдің мұңайып отырған жүзі ойыма келе берді.
Кеше Жаңатаста концерт кезінде көпшіліктің арасынан тура сол әжеден аумайтын Ғалия есімді әжейді көріп қалдым. Көзіме жас үйіріліп, еріксіз барып құшақтап алдым. Сол сәтте өз балалық шағымды, өткеннің ең жылы естеліктерін сезінгендей болдым…
Жылы қабылдауларыңызға, мейірімдеріңізге үлкен рақмет!"деп жазды әнші.