"Министр, Сүлейменова, мынаған назар аударыңыз!" деген ардагер ұстаз дабыл қақты

"Министр, Сүлейменова, мынаған назар аударыңыз!" деген ардагер ұстаз дабыл қақты

Қазақстандағы жекеменшік мектептерді тексеру мен лицензиялық бақылаудың өңірлер бойынша біркелкі жүргізілмеуі әлеуметтік желіде талқыланып жатыр. Қоғам белсендісі Өмір Шыныбекұлы жариялаған деректе кей өңірлерде жекеменшік мектептердің басым бөлігі тексерілсе, басқа аймақтарда олардың аз ғана бөлігі бақылауға іліккені көрсетілген, деп жазады Democrat.kz.

Өмір Шыныбекұлы Оқу-ағарту министрлігі Қоғамдық кеңесінің онлайн отырысында мектепке дейінгі ұйымдарды лицензиялау, жекеменшік мектептерді мемлекеттік қаржыландыру және оқулықтармен қамтамасыз ету мәселелері қаралғанын жазды.

Оның айтуынша, Қоғамдық кеңес қарауына ұсынылған құжаттар толықтырулар мен түзетулер енгізу үшін кері қайтарылған.

Жиында жекеменшік мектептерді лицензиялау мәселесі де көтерілген. Белсенді Білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті өкілінің сөзінен кейін бірқатар сұрақ туындағанын айтады.

Ол жариялаған кестеге сәйкес, елімізде 843 жекеменшік мектеп бар. Соның 242-сінде тексеру жүргізіліп, 144 мектептен мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты талаптарының бұзылғаны анықталған. 104 жағдайда әкімшілік шара қолданылып, 53 мектеп лицензиясының қолданылуы тоқтатылған. Тағы 29 мектептің лицензиясы тоқтатылғаны көрсетілген.

Алайда өңірлердегі тексеру көлемі бірдей емес.

Мәселен, Түркістан облысында 162 жекеменшік мектептің 67-сі тексерілген. Шымкентте 127 мектептің небәрі 17-сі бақылауға іліккен. Алматы қаласында 137 жекеменшік мектептің төртеуінде ғана тексеру жүргізілгені кестеде көрсетілген.

Ал Алматы облысында 51 жекеменшік мектептің 41-і тексерілген.

Осы айырмашылық әлеуметтік желі қолданушыларының да назарын аударды.

Мырзағали Оразғалиұлы:

«Кей өңірлердің түгелге жуық жекеменшік мектептері тексеріледі, ал кей өңірлердің санаулы ғана мектебінде тексеріс жүргізген. Салыстырмалы түрде қарағанда ала-құлалық бар секілді», – деп жазды.

Білім саласының өкілі Құланда Батырбекова да мәселенің тек лицензиямен шектелмейтінін айтып:

«Сапаға келсек, шынымен де ең бірінші сапалы маманға және солардың жұмысының нәтижесіне де үңілу керек. Бәленбай миллиардтарға салынған мектепте сапа бар ма? Оны кім бағалап жатыр? Бұл үлкен мәселе», – деген пікір қалдырған.

Ал Өмір Шыныбекұлы Білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің жұмысына қатысты:

«Олар берген мемлекет қаржысын үлестіргеніне тоқмейілсіп отыр. Ал өңірлік департаменттері ұйықтап жатыр», – деп жазды.

Белсенді Шымкент қаласындағы кейбір жекеменшік мектептерге қатысты мұғалімдер мен ата-аналардан шағымдар түсетінін де мәлімдеген. Оның сөзінше, кей мектептерде басшылық құрамның біліктілік талаптарына сәйкестігі мен оқушыларға берілетін тағам сапасына байланысты сұрақтар бар.

Жазба авторы бұл мәселеге Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың назар аударуын сұрап отыр.

Жарияланған кесте мен әлеуметтік желідегі пікірлер жекеменшік мектептерді бақылау тетігінің өңірлер бойынша қалай жүргізіліп отырғаны туралы сұрақ туғызды. Алайда жекелеген мектептерге қатысты айтылған шағымдар мен олардың нақты заңбұзушылық жасаған-жасамағаны уәкілетті органдардың ресми тексеру нәтижелері арқылы анықталуға тиіс.

Барлық жаңалықтар