Мүфтиятты министрлік те тоқтата алмай тұр

Мүфтиятты министрлік те тоқтата алмай тұр
Мүфтият басқа құстың ұясына тұқымын туып, сол ұяда балапанын өсіріп шығаратын көкек пе?
 
«Хадистану», «исламтану» және «теология» (дінтану) мамандығын кәсіптік-техникалық білім беру тізіміне кіргізіп алып, мүфтияттың (ҚМДБ-ның) медреселеріне және «Нұр-Мүбарак» ислам университетіне жыл сайын бюджеттің миллиардтаған теңгесін шығындайтын заңсыздықты министр Ғани Бейсембаев тоқтата алмайын деп тұр.
 
Оның бүгінгі айтқан сөзі де сұйық шықты. Айтуынша, кемі кәсіптік-техникалық мамандықтар тізімінде «теологияны» қалдырмақшы.
 
Бұлай болғанның өзінде Конституциясы бойынша дін атаулыдан іргесін ауалақ салған зайырлы Қазақстанның бюджетін бұдан былайғы кезеңде де медреселерге шығындай бермек.
 
Тіпті, «хадистану» мен «исламтануды» да кәсіптік-техникалық мамандық тізімінен әлі шығарып тастамапты. Министрдің айтуынша, бұл мәселені тамыз айының соңына дейін арнайы комиссия шешеді екен.
 
Ғ.Бейсембаев айтқан комиссия құрамында кім бар екенін мүфтият маңын торуылдап жүрген дереккөзімнен біліп отырмын. Комиссияда ғылым мен білімді күйттеген екі министрлікпен қатар, дін істері комитеті өкілдері, сондай-ақ мүфтияттың қызметкерлері бар.
 
Министр Аида Балаева басқаратын министрліктің құрамындағы Дін істері комитеті үнемі ҚМДБ-ның адвокаты сияқты діни ұйымның мүддесін қорғаштап жүреді.
 
Мұны журналистер жолдаған ондаған сауалға берген комитеттің жауабынан талай мәрте көрдік. Алдағы комиссия жиынында Дін істері комитеті ҚМДБ-ның сөзін сөйлейтіні, медреселерге мемлекеттік грант бөлу жағында болатыны анық.
 
Тіпті, «хадистану» мен «исламтану» да баяғыша тізімде қалу мүмкін. ҚМДБ тұқымын басқа құстың ұясына барып туып, сол ұяда балапанын жетіліп шығатын көкек сияқты болды ғой.
 
ҚМДБ мешіттері мен медреселеріне керек маманды неге өздерінің қаражатына оқытып-шоқытып алмайды?! «Тұқымын» бағып-қағуды зайырлы білім саласына міндеттеп қоятын мұндай басынуға министр Ғани Бейсембаев қашанғы шыдайды?!
 
Ораз ӘЛІМБЕКОВ, журналист. 
Барлық жаңалықтар